Қ. Тоқаев Қазақстан мен Германия байланысын «экономикалық көпірге» теңеді

Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews

Германия – еліміздің Еуропамен экономикалық ықпалдастығын өрге сүйрейтін қозғаушы күш іспеттес. Қазақстан – Германия бизнес форумында сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы экономикалық байланыс барысына осылай деп баға берді. Форумға қатысқан Германия президенті Франк-Вальтер Штайнмайер экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге айтарлықтай мүмкіндік бар екеніне назар аударды. Басқосуға қос мемлекеттің іскерлік топ өкілдері қатысты.
Бизнес-форумда сөз сөйлеген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің қарым-қатынасын Орталық Азия мен Еуропа арасындағы экономикалық байланыстарды нығайтатын көпірге балады. Өйткені бүгінде ортақ портфельде жалпы құны 54 миллиард доллардан асатын 40 инвестициялық бастама бар. Оның ішінде 21 жоба жүзеге асқан. Мемлекет басшысы CLAAS, Horsch, Amazonen-Werke және Knauf секілді компаниялармен табысты ынтымақтастық жолға қойылғанын жеткізді. Соңғы бес жылда CLAAS компаниясы Қазақстанда 2100-ден аса ауыл шаруашылығы техникасын шығарған.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Орайлы сәтті пайдаланып, өнеркәсіп саласындағы серіктестігіміз екіжақты үдеріске айналып келе жатқанын айтқым келеді. Оны Қазақстаннан Германияға өнеркәсіп тауарларының экспорты артқанынан аңғарамыз. Мәселен, осы сапар барысында отандық машина жасау саласының өнімдерін, соның ішінде неміс құрал-жабдығын қолдану арқылы шығарылған теміржол көлігі дөңгелегін Германия нарығына жеткізу жөніндегі уағдаластыққа қол жеткізілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан германиялық компаниялармен автоматтандыру, станок, өнеркәсіпке арналған роботты техника, машина жасау, озық өндіріс және үдерісті цифрландыру салаларында ынтымақтастық аясын кеңейтуге дайын екенін мәлімдеді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Бұл мысалдар экономикалық байланыстарымыз алдағы уақытта қай бағытта дамитынын көрсетеді. Жекелеген табысты жобалармен шектелмей, өнеркәсіп саласындағы жүйелі серіктестікке көшкеніміз жөн. Еліміз осы мақсатта Қазақстан-Германия инвестициялық-өнеркәсіп бастамасын қолға алуға әзір. Оның негізінде үздік жобалардың бірыңғай тізімі жасақталады. Мақсатымыз айқын: Қазақстанда жаңа салалардың пайда болуына септігін тигізетін, коммерциялық тұрғыдан өміршең жобаларды іріктеп алу, неміс технологиясы мен білімін меңгеру, өңірлік және әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті өнім түрлерін шығару. Бұл ретте немістің Mittelstand, яғни орта бизнес кәсіпорындары айрықша рөл атқара алады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда жасанды интеллектіні енгізу және цифрлық трансформация ұлттық басымдық ретінде айқындалғанына назар аударды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы елімізде «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабын» құру қолға алынғанын, аталған жоба келешекте ірі есептеу қуаты бар хабқа айналатынын айтты. Форумда сөз сөйлеген Германия Президенті Франк-Вальтер Штайнмайер экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге айтарлықтай мүмкіндік бар екенін атап өтіп, стратегиялық серіктестікті одан әрі дамытудың маңызына назар аударды

ФРАНК-ВАЛЬТЕР ШТАЙНМАЙЕР, ГФР ПРЕЗИДЕНТІ:
— Қазақстан – Орталық Азиядағы басты сауда серіктесіміз. Оған осы кездесу қорытындысы бойынша қол қойылатын келісімдер дәлел. Федералдық Президент ретінде дамып келе жатқан өңірлік державалармен, соның ішінде Қазақстанмен қарым-қатынасты нығайтуға ұмтыламын. Германия капиталын, технологиясы мен өнеркәсіптегі тәжірибесін ұсына алады. Ал Қазақстанда табиғи ресурстардың мол қоры, орасан зор өсім әлеуеті бар. «Ең бастысы, бұл ел Еуропа пен Азия арасында стратегиялық тұрғыдан ұтымды орналасқан», – деді Франк-Вальтер Штайнмайер.

Сапар барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Германия Канцлері Фридрих Мерцпен келіссөз жүргізді. Келіссөз барысында сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту мәселесіне баса мән берілді. Мемлекет басшысы Германияның маңдайалды жоғары оқу орындары ректорларымен және ғылыми институт жетекшілерімен де кездесті. Бүгінде Қазақстанның 45 университеті Германиядағы 100-ге жуық серіктеспен ынтымақтастық орнатқан. Екі мыңға жуық қазақстандық студент Германияда білім алады. Қасым-Жомарт Тоқаев неміс кәсіпкерлерін бірлескен мекемелер жанынан инженерлік зертханалар мен трансфер орталықтарын ашуға шақырды. Сондай-ақ мұндай бастамаларды қоса қаржыландыру арқылы қолдауға дайын екенін жеткізді. Осы ретте Қазақстан ғылыми зерттеулерге бөлінетін қаржы көлемін ішкі жалпы өнімнің 1 пайызына дейін арттыратын болды.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал