Президенттің Германияға сапары: 30-дан астам коммерциялық құжатқа қол қойылды

Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Германияға ресми сапары аяқталды. Бірнеше күнге созылған келіссөздер, саясаткерлермен және Германияның ірі бизнес өкілдерімен кездесулер барысында технология, өнеркәсіп және инвестиция мәселелеріне ерекше мән берілді. Сапардың қорытынды нүктесі Мюнхен қаласында қойылды. Мұнда Мемлекет басшысы Қазақстан-Бавария технологиялық форумында сөз сөйледі.
Мюнхенде Қазақстан Президентін Бавария Премьер-министрі Маркус Зёдер қарсы алды. Мұнда да жұмыс кестесі тығыз болды. Алайда сапардың ресми бөлігіне кіріспес бұрын, Қасым-Жомарт Тоқаев ғимараттың кіреберісінде күтіп тұрған отандастарымызбен амандасты. Олар Мемлекет басшысын көру үшін ғимарат алдына ертерек жиналған. Президент тығыз кестесіне қарамастан, олармен естелік суретке түсті.

Президент олармен суретке түсіп, өздеріне көңіл бөлгеніне Германияда тұратын қазақстандықтар қуанышын жасыра алмағаны көрінеді. Тағы бір қызықты сәт – ерекше сыйлық. Маркус Зёдер Мемлекет басшысына мюнхендік «Бавария» ойыншыларының қолы қойылған жейдені сыйға тартуы.

Одан әрі – ресми бағдарлама келіссөздер өтіп, технологиялар, инвестициялар және жаңа бірлескен жобалар талқыланды. Президент Қазақстан-Бавария технологиялық форумында сөз сөйледі. Мемлекет басшысы Баварияны технологиялық прогресс пен өнеркәсіптік жетістіктері бай мәдени мұрасы, берік дәстүрлері және жаңашылдық рухымен үйлесім тапқан бірегей өңір деп атады.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
– Бавария – Еуропадағы жетекші өнеркәсіптік өңірлердің бірі әрі инженерия мен жоғары технологиялардың әлем мойындаған орталығы. Біздің азаматтарымыз үшін «Германияда жасалған» деген таңба әрдайым сапа мен сенімділіктің синонимі болды. Сондықтан Баварияның саяси басшылығымен және іскер топ өкілдерімен тікелей диалог орнату үшін Мюнхенге жеке баруды маңызды деп санадым. Бүгінде экономикалық байланыстарды тереңдетуге барлық мүмкіндік бар.

Мемлекет басшысы Бавария Германияның федералдық жерлері арасында Қазақстанның басты сауда серіктестерінің бірі екенін айтты. Қазақстан бұл аймаққа, негізінен, мұнай, ферроқорытпа, болат, мыс, алюминий, бейорганикалық химиялық заттар, майлы дақылдар, бидай және басқа да тауарлар экспорттайтынын еске салды. Президент елімізде Баварияның жетекші компаниялары, соның ішінде Siemens, Siemens Energy, Knauf, Horsch және басқа да кәсіпорындары табысты жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Германияға жасаған ресми сапары аясында Қазақстан мен Германия арасында жалпы құны шамамен 2 миллиард долларды құрайтын 30-дан астам коммерциялық құжатқа қол қойылды.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал