Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews
Астанада «Таза үй – Таза ел» экологиялық жобасы қанат жайды. Бастаманың басты мақсаты – жұртты қоқысты сұрыптауға баулу. Бұл әдіс қазірдің өзінде жемісін бере бастады. Жаз басында басталған игі іске сұраныс жоғары. Астаналықтар қалдықты бөлектеп қана қоймай, оны қайта өңдеуге өткізіп, табыс тауып отыр. Пайданы өз үйлерінің қажетіне жаратуда. Үш ай ішінде елордадағы 140 көпқабатты үйдің тұрғындары 8 тоннадан астам пластик пен картон өткізген. Жүйені алғашқылардың бірі болып сол жағалау жұрты енгізді. Белсенділердің айтуынша, осы жоба аясында айына 30-40 мың теңге пайда табуға болады. Бұл қаражат ауланы абаттандыру сияқты жұмыстарға жұмсалады.
ӘЛІШЕР ӘБДУЛЛАЕВ, МИБ ТӨРАҒАСЫ:
— Басында мен қоқыс жәшіктерінің қасында өзім тұрып, жұртқа түсіндідім. Яғни қорапты мына жаққа, пластик бөтелкені мына жаққа тастау керек деп көрсетіп отырдым. Бұрын контейнерлер тек картонға толып, қоқыс шашылып қалатын. Қазір бәрі тап-тұйнақтай. Қорап арнайы бокста жатады, оларды уақытылы алып кетеді. Тұрғындарға да өте ыңғайлы.
Бұл жобаны Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы мен Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қауымдастығы бірлесіп қолға алған. Бүгін Құрылтай депутаттары атқарылған жұмысты пысықтады. Бизнес өкілдері мен экобелсенділер тың тәжірибені «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында кеңейтуге келісті. Елімізде жыл сайын 5 миллион тоннадан астам қатты тұрмыстық қалдық шығады. Тек Астананың өзінде оның көлемі 500 мың тоннадан асады. Жоба авторларының айтуынша, шикізаттан түскен қаражат үйді күтіп ұстау шығындарын ішінара жабады. Оның үстіне, жұртшылықтың табиғатқа жанашырлық мәдениеті қалыптасып келеді.
АСХАТ РАХЫМЖАНОВ, ҚҰРЫЛТАЙ ДЕПУТАТЫ, ЖСДП ФРАКЦИЯСЫ:
— Азаматтардың табиғатқа ұқыпты қарау мәдениеті күннен күнге артып келеді. Қоқысты бөлек жинау өте дұрыс деп санаймыз. Жиналған қалдық қайта өңделеді. Мұндай үрдіс бүкіл әлемде белең алып отыр. Жобаға Түркістан, Жамбыл, Ақтөбе облысынан хабарласып, қызығушылық танытып жатқандар да бар. Сондықтан бұл бастама ұлттық жоба мәртебесін алса екен деген мақсатпен депутаттық сауалымызды жолдадық.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.