Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews
Оралдағы Хан тоғайында өрттен кейінгі қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр. «Таза Қазақстан» акциясы аясында мұнда жаңа ағаш көшеттері отырғызылды. Игі іске мектеп оқушылары атсалысты. Олар көшеттерді өздері өсіріп, енді оның жайқалған ағашқа айналғанын көргісі келеді.
Орал қаласына жақын маңдағы Хан тоғайы биыл жазда отқа оранған еді. Өрттің салдарынан жасыл желектің біразы күлге айналды. Енді тарихи әрі табиғи маңызы бар аумақты қалпына келтіру жұмыстары басталды. Бұл игі іске мектеп оқушылары да жұмыла атсалысып, өздері өсірген көшеттер отырғызды.
ГҮЛЖАЙНА НҰРАЛИЕВА, ЭКОЛОГИЯ-БИОЛОГИЯЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
— Емен мен қайың отырғыздық. Бұл біздің оқушыларымыздың «Таза Қазақстан» акциясы мен «Экостарт 26» жобасының шеңберінде өткізіліп отырған керемет акциясы деп ойлаймын.
Экология-биологиялық орталықтың тәрбиеленушілері үшін бұл жай ғана ағаш отырғызу акциясы емес. Өйткені Хан тоғайы – олар ата-аналарымен бірге серуендейтін сүйікті орын. Сондықтан өрттің салдарын көргенде оқущылар да бейжай қалмаған.
АЗИЗА ТІЛЕГЕН, ЖАС ТАБИҒАТШЫЛАР ҮЙІРМЕСІНІҢ ТӘРБИЕЛЕНУШІСІ:
— Біздің мақсатымыз – табиғатты көркейту, оған жанашырлық көрсету, Табиғатқа деген сүйіспеншілігімізді сөзбен ғана емес, іспен дәлелдеу керек.
Мамандардың айтуынша, алапат өрттен кейін мұндай аумақтарды қайта көгалдандыру маңызды. Экобастамаға мектеп оқушыларынан бөлек, қала тұрғындары да қатыса алады. Бастысы – белгіленген талаптарды сақтау.
ҚАЙРАТ ЕСЕНҒАЛИЕВ, ОЖДҚ МЕКЕМЕСІНІҢ БАСШЫСЫ:
— Біз мұндай экобастамаларды қолдаймыз. Өйткені Хан тоғайы – қаламыздың көрікті жерлерінің бірі. Барымызды көбейтіп, оны сақтап қалуымыз керек.
Бұл экобастама – Хан тоғайының ажарын келтіруге жасалған алғашқы қадам. Енді отырғызылған көшеттердің жайқалып өсуі үшін оларды күтіп-баптау жұмыстары жалғасуы тиіс. Ұйымдастырушылар қала тұрғындары мен қоғам белсенділерін игі іске атсалысуға шақырып отыр.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.