«Дәрігер болу – жүрек қалауы»: Қасымовтар әулеті медицина жолын таңдаған

Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews

«Дәрігер болу – жүрек қалауы». Бұл – Ақтөбе облысында тұратын Қасымовтар әулетінің басты ұстанымы. Бүгінде отбасының үшінші буыны медицинаны таңдап, өз өмірін осы саламен байланыстыруды мақсат етіп отыр. Ал өңірде бұл отбасын танымайтын жұрт кемде-кем.
Ақтөбедегі кардиохирургиялық орталықтың бөлім меңгерушісі, облыстың штаттан тыс бас кардиохирургі Берік Қасымовтың күнделікті жұмысы осылай басталады. Дәрігер таң сәріден әріптестерімен бірге науқастардың жағдайын тексереді. Ал ақ халатты абзал жанның медицина саласында еңбек етіп жүргеніне 30 жылдан асқан.

БЕРІК ҚАСЫМОВ, КАРДИОХИРУРГ:
— Дәрігер болуды мектеп кезінен қаладым. Оған әкемнің жұмысы себеп болды деп есептеймін. Ол кісі – облысқа атағы шыққан хирург. Сол кісінің жанында жүріп біраз нәрсені үйрендім. Одан кейін медициналық институтқа түстім. Мамандығымды дұрыс таңдадым деп есептеймін.
Қасымовтар отбасында жеті бала бар. Оның екеуі дәрігерлік жолды таңдаған. Бұл әулетті өңір жұртшылығы да жақсы таниды. Себебі талай жанға қол ұшын созған. Сондықтан олардың алғыстан басқа айтары жоқ.
Беріктің Қасымовтың әкесі де – білікті маман. Ол өңірде ұзақ жыл бойы хирург болып еңбек етіп, кейін денсаулық сақтау саласында басшылық қызмет атқарған.

ЖАҚСЫЛЫҚ ҚАСЫМОВ, ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫНЫҢ АРДАГЕРІ:
— Дәрігердің жұмысын оңай деп айтуға болмайды. Дәрігер болып істеген соң, беріліп істеу керек. Ана жатқан ауру-өзіңнің жақының, тумаң, әкең-шешең сияқты сезіммен жұмыс істеу керек. Дәрігерлердің жұмысы еш уақытта сағатпен есептелінбейді. Қай уақытта дәрігерлік көмек керек, сол уақытта дайын болуың қажет.

Айта кету керек, Қасымовтар әулетінде бұл саланы үшінші буын таңдады. Қазір Жақсылық ақсақалдың немересі медициналық университетте білім алуда. Ол да болашағын денсаулық сақтау саласымен байланыстыруды жоспарлап отыр. Отбасының барлығы дәрігер болу жауапкершілігі мол, еңбегі ауыр мамандық екенін жақсы түсінеді.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал