Астанада қарияларға арналған белсенді өмір орталықтарына сұраныс артты

Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews

Астанада белсенді өмір салтын ұстанатын зейнеткерлердің қатары артып келеді. Бұған еліміздің әр өңірінде ашылып жатқан Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары дәлел. Елордадағы орталықтардың өзінде мыңдаған қария күн сайын түрлі шараға қатысып, сүйікті ісімен айналысады.
Звайда Жұмашқызының жасы 70-тен асқан. Екі жыл бұрын инсульт алған кейуана денсаулығын қалпына келтіру үшін скандинавиялық жүріспен айналыса бастаған.

ЗВАЙДА ЖҰМАШҚЫЗЫ, ЗЕЙНЕТКЕР:
— Бұл жерде өзіңді мүлдем басқа адамдай сезінесің. Дәрі-дәрмектің әсерінен гөрі, адамдармен араласудың, қарым-қатынастың пайдасы көбірек.
Бүгінде елордадағы белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарында 22 мыңнан астам адам тіркелген. Оның алғашқысы 2022 жылы ашылды. Мамандар қарияларға қалауына қарай түрлі үйірме ұсынады. Ал олардың жұмысын жергілікті әкімдік қаржыландырады.

МЕРУЕРТ НҰРҒАЛИЕВА, БҰӨС ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
— Біздің орталыққа 22 мыңнан астам зейнеткер тіркелген. Орталыққа тіркелу үшін міндетті түрде осы қалада тұрғылықты мекенжайы және зейнеткерлік кітапшасы болу керек. Бүгінгі күнде орталық зейнеткерлерге әлеуметтік қызыметтердің 20-дан астам түрін ұсынып отыр. Қызмет түрлерінің басым көпшілігі сауықтыру бағытында. Астана қаласы бойынша бізде осындай алты орталық бар.

Мұндай орталық Астанада ғана емес, еліміздің әр түкпірінде бар. Мысалы, жақында ғана Ақмола облысында осындай бір орталық ашылды. Щучинск қаласында орналасқан мекемеде әзірге он шақты адам тіркелген. Мұнда да қариялар уақытын тиімді өткізіп, белсенді өмір салтын жалғастыра алады.
Иә, қарты бар үйдің қазынасы бар. «Ал қазынаны төрге отырғызып қана қоймай, оның өмірге деген құлшынысын қолдау әрқайсымыздың міндетіміз», — дейді орталық мамандары. Қазір мұнда қарттар күніне дайындық қызу. Қарияларға арнап түрлі мекрекелік шара өткізу жоспарланып отыр.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал