Қ. Тоқаев өнеркәсіптегі AI міндеттерінің тізімін жасап, AI Challenge өткізуді ұсынды

Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews

Мемлекет басшысы AI & Digital Bridge – 2026 халықаралық форумында сөз сөйледі. Қасым-Жомарт Тоқаев форумның Еуразиядағы беделді және танымал технология алаңына айналғанын атап өтті. «Digital Bridge халықаралық форумын шын мәнінде жаңашыл, жасампаз және зияткер азаматтар бас қосатын бірегей жиын деп айтсақ, артық болмасы анық», – деді Президент.
Президент қазіргі аса қарқынды, құбылмалы және озық заманда жаңа технологияны дамытудың маңызына тоқталды. Күллі әлем жасанды интеллектінің дамуына айрықша назар аударып отыр. «Себебі оның ықпалымен өнеркәсіп, қаржы, білім, ғылым, мемлекеттік басқару, жалпы адам өмірінде түбегейлі өзгерістер болып жатыр», — деді Мемлекет басшысы.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— AI & Digital Bridge форумының мазмұны да жыл өткен сайын жаңа сипатқа ие болуда: жаңа өзекті мәселелер пайда болды, қатысушылардың ауқымы да ұлғайды. Форумда цифрландыру тақырыбынан бөлек, есептеу инфрақұрылымы, ауқымды тілдік модельдер, робот техникасы, индустрия саласындағы жасанды интеллект, ғылым, технология саласындағы заңнама мен қауіпсіздік мәселелері жөнінде пікір алмасулар өтуде. Осылайша, AI & Digital Bridge жаңа технологиялар саласындағы халықаралық байланыстардың алтын көпірі ретінде табысты қызмет етуде. Форумның түпкі мақсаты да, басты міндеті де, миссиясы да – осы.

Былтыр қазақстандық IT-қызметтер экспорты 1 млрд доллардан асқан. Ал цифрлық шешімдеріміз әлемнің 100-ден аса елінде қолжетімді. Осы орайда Президент өнеркәсіп саласы бойынша жасанды интеллект міндеттерінің тізімін жасау маңызды деп санайды. Осы тізімге сүйене отырып, Қазақстан мен шетелден келген командалардың қатысуымен AI Challenge ұйымдастыруды ұсынды. Президенттің пікірінше, заманауи деректер орталығы, озық технологиялар өздігінен ешқандай нәтижеге кепіл бола алмайды. Ғалымдар, инженерлер, кәсіпкерлер болмаса, технологиялық серпіліс жасау мүмкін емес.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Сондықтан біз білімді, білікті, жасампаз мамандар даярлайтын ұлттық ғылыми-инженерлік мектеп қалыптастыруымыз керек. Осы орайда жаңадан ашылған Qazaq AI Research University-ге айрықша міндет жүктеледі. Бұл оқу орны білім берумен қатар, өндіріс пен экономиканың сұранысына сай ғылыми зерттеулер жүргізуге тиіс. Осы мақсатпен жасанды интеллектіні нақты салаларда қолдануға арналған AI+X моделі қолға алынып отыр. Оның мүмкіндігін өндіріс, энергетика, медицина, қаржы, мемлекеттік басқару жүйесінде тиімді пайдалану керек. Жалпы, бізге дайын өнім мен жаңа технология жасай алатын мықты, яғни нағыз білікті мамандар қажет.

Технологиялық форумның пленарлық отырысында General Atlantic төрағасы және бас директоры Уильям Форд, NVIDIA вице-президенті Рев Лебаредян, Network School негізін қалаушы Баладжи Шринивасан, OneWeb, E-Space негізін қалаушы Грег Уайлер сөз сөйледі.

РЕВ ЛЕБАРЕДЯН, NVIDIA ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:
— Higgsfield AI – Қазақстандық мамандардың жаһандық аудиторияға арналған өнімді қалай жасай алатынының мысалы. Біздің мақсатымыз – мұны анағұрлым қолжетімді ету. Ол үшін, ең алдымен, есептеу қуаты қажет. Жасанды интеллект фабрикалары энергияны бизнеске, ғылымға және экономиканың сан алуан саласына қызмет ететін есептеу ресурстарына айналдырады. Қазақстанда мұндай инфрақұрылымды құруға қажет энергетикалық ресурс та, амбиция да бар. «Деректер орталықтары алқабы» жобасы мен телекоммуникация саласын дамыту – осы ауқымды істің бір бөлігі.

Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектіні жауапкершілікпен қолдану мәдениетін ілгерілету қажет деп санайды. Ақылды зейіннің мүмкіндігі артқан сайын оның қаупі де күшейеді. Бұл тұста киберқауіпсіздік, деректерді қорғау, ақпараттың сенімділігі, алгоритмдердің ашықтығы, қабылданатын шешімдер үшін жауапкершілік аса маңызды. Мемлекет басшысы сөз соңында Қазақстан жаңа технологиялық экономиканың берік негізін қалағанын айтты.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал