Alatau City халықаралық технологиялық хабқа айналмақ

Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews

Цифрлық актив, токен, деректер. Болашқта Alatau City технологиялық экожүйеге айналмақ. Жаңа қалада токенизация сынақтан өткізіліп, деректер нарығы құрылмақ. Осы бағытта екі стратегиялық меморандумға қол қойылды. Мұнда цифрлық шешімдер, жасанды интеллект және инновациялық жобаларға арналған инфрақұрылым дамиды. Сарапшылардың айтуынша, бұл Alatau City-дің халықаралық технологиялық орталық ретіндегі әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
Alatau City – Орталық Азиядағы халықаралық хаб болуға бағытталған стратегиялық жобалардың бірі. Мұнда цифрлық активтермен жұмыс істеудің жаңа үлгісі енгізілмек. Алғашқы кезеңде нақты активтерді токенизациялау бойынша пилоттық жобалар іске қосылады. Яғни, дәстүрлі активтердің цифрлық нұсқасы қалыптасып, онымен жұмыс істеудің жаңа тетіктері сынақтан өтеді. Технологиялық мегаполистің цифрлық инфрақұрылымы тек токенизациямен шектелмейді. Болашақта деректер нарығы құрылмақ. Мұнда ақпаратты қауіпсіз сақтау және алмасу ғана емес, оның сапасы мен құнын бағалау, есепке алу тетіктері де әзірленеді. Жалпы Alatau City Еуропалық инвесторлар мен отандық нарық арасындағы байланысты күшейтетін маңызды алаңға айналмақ.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

— Бұл жоба – Орталық Азиядағы цифрлық дәуір талаптарын ескере отырып жобаланған алғашқы «ақылды қала». Ол немістің институционалдық капиталы мен Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерін байланыстыратын практикалық көпірге айнала алады. Alatau City бүкіл Еуразия бойынша таланттар, технологиялар мен бизнес тоғысатын жаңа орталық болады деп сенемін.

Alatau City-ге шетелдік инвесторлардың қызығушылығы жоғары. Мәселен, Германиядағы беделді компаиялардың бірі технологиялық мегаполисте сервистік және инжинирингтік орталық ашуды жоспарлап отыр. Компания энергияны үнемдейтін инженерлік жүйелер өндіруге маманданған. Яғни, шетелдік капитал жаңа өндірістердің ашылуына ғана емес, озық технологиялар мен жаңа тәжірибенің Қазақстанға келуіне жол ашады. Бұл бағыт халықаралық AI & Digital Bridge 2026 форумында да айтылды.

ТИМУР ТУРЛОВ, FREEDOM HOLDING CORP. БАС АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:
— Alatau City-дің технология мен инновация идеясын іске асырып жатқаны мені қуантады. Бұл – Қазақстанда жақсы жолға қойылып келе жатқан бағыт. Мемлекет басшысы да дипломатиялық кездесулерінде технологиялық даму мен жасанды интеллектке басымдық берудің маңызын үнемі айтып жүр. Қазір әлемде мұндай басымдықтарды мемлекеттік деңгейде белгілеп, жасанды интеллектіні дамытуға бағытталған жаңа қалалар құруға ден қойған елдер көп емес.
Alatau City құрамындағы индустриялық аймақтар қаланың бірыңғай экономикалық жүйесіне біріктіріледі. Қазір мұндағы жұмыс істеп тұрған өндіріс орындарын жаңа экономикалық әрі реттеуші тәртіпке көшіру тетіктері әзірленіп жатыр. Билік кәсіпкерлер үшін қазіргі жағдай сақталатынын айтады. Сонымен қатар өндіріс орындарына қажетті инфрақұрылым, салықтық жеңілдіктер мен инвесторларды тартудың жаңа мүмкіндіктері қарастырылуда.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал