Астанада AI Film Festival байқауының финалдық бағдарламасы басталды

Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews

Бірнеше айға созылған іріктеу кезеңінен кейін Астанада халықаралық AI Film Festival байқауының үш күндік финалдық бағдарламасы басталды. Фестивальдің алғашқы күнінде байқауға қатысқан туындылардың жабық көрсетілімі өтті. Көрерменге АҚШ, Канада, Италия, Оңтүстік Корея, Қытай және Қазақстан авторларының фильмдері ұсынылды. Жеңімпаздар 3 қазанда жарияланады. Үздіктерді халықаралық қазылар алқасы бағалайды.
Бір кездері фильм түсіру үшін ондаған адамнан тұратын шығармашылық топ, қымбат техника, арнайы павильон, актерлер мен ұзақ өндірістік кезең қажет болса, бүгінде режиссердің идеясын жүзеге асыруда жасанды интеллект таптырмайтын құралға айналды. Осы өзгерістің ауқымын елордада өтіп жатқан Astana AI Film Festival-ден анық байқауға болады.

АЙЗАТ ҚҰСАЙЫНОВ, AAIFF ФЕСТИВАЛІНІҢ ТЕҢ ҚҰРЫЛТАЙШЫСЫ:
— Бұл жұмыстарды көргенде шынымен таңғалдым. Өйткені киноиндустрияның өзгеретініне көзім жетті. Жаңа технологиялар фильмді толығымен жасауға мүмкіндік беріп отыр. Тіпті оның жасанды интеллект арқылы жасалғанын ажырата алмайсыз. Бұрын біз көбіне Голливуд пен Еуропаның фильмдерін көретінбіз, оқиғалар да негізінен Батыс тарапынан баяндалатын. Ал қазір әлемнің түкпір-түкпірінен түрлі оқиғаларды көріп отырмыз. Мысалы, Сенегалдан, Үндістаннан қатысушылар бар. Әртүрлі елдің түрлі хикаяларын көріп жатырмыз. Осы технологиялардың арқасында кино шынымен өзгереді.
Фестивальге әлемнің 125 елінен 8 067 жұмыс келіп түскен. Соның небәрі 25-і ғана финалға жолдама алды. Олардың арасында Қазақстаннан екі жұмыс бар. Байқау бағдарламасына АҚШ, Канада, Италия, Оңтүстік Корея, Қытай және өзге де елдердің авторлары қатысып жатыр. Фильмдер 19 жанрды қамтиды. Басты тақырыбы – «Өмір сүруге тұрарлық болашақ». Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестивальдің негізгі мақсаты – Қазақстанды осы бағытта үздіктер қатарына шығару.
Фестивальдің жалпы қоры – 2 млн доллар. Оның тең жартысы жеңімпаздарға жүлде ретінде табысталады. Қалған 1 млн доллар болашағы зор AI-командаларға инвестиция ретінде бағытталып, Қазақстандағы өндірісті және жасанды интеллект экожүйесін дамытуға жұмсалмақ.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал