Президент Ақордада мұғалімдерді мемлекеттік наградалармен марапаттады

Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews

Ұлт болашағы үшін атқарып жатқан табанды еңбегіне алғыс айту – баршамызға ортақ парыз. Осылай деген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада мұғалімдерді кәсіби мерекесімен құттықтап, білім саласында 30 жылдан аса қажырлы еңбек атқарған 30 мұғалімді мемлекеттік наградамен марапаттады. Олардың барлығы еліміздің түкпір түкпіріндегі балабақша, мектеп пен колледждерде қызмет атқарып, өз ісінде еңбегімен еленгендер.
Ұстаз. Осынау қарапайым мамандық қашаннан қадірлі. Болашаққа бағыт-бағдар беріп, балаларды біліммен сусындататын мұғалім атаулы кәсіби мерекесін атап өтуде. Әсіресе таңертеңнен Ақордаға қарай бет бұрған ұстаздар қауымы үшін биылғы мереке ерекше. Өйткені әр өңірден арнайы шақырумен келген мұғалімдерді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі құттықтады.Президент атаулы күнді бүкіл қоғамды біріктіретін, нағыз халықтық сипаты бар, қастерлі де қадірлі мерекеге айналғанын атап өтті.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Ұстаз – әр адамның өмірінен ерекше орын алатын тұлға. Бұған ешкімнің де таласы жоқ деп ойлаймын, бұл – бәрімізге ортақ пікір. Ұстазды ұлықтау өркениетті қоғамның болмысын айқындайтын аса маңызды қасиет саналады. Ұлт ойшылы Абай адамның адамдығы жақсы ұстаздан болатынын айтқан. Мұғалімдер қауымына зор құрметпен қарау, олардың ұлт болашағы үшін атқарып жатқан табанды еңбегіне алғыс айту – баршамызға ортақ парыз. Әсіресе қазіргідей ақпараттар ағыны күшейіп, озық технология қарқынды дамыған заманда мұғалімнің рөлі әлдеқайда арта түскені ақиқат.
Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекет басшысы ретінде ұстаздарды жан-жақты қолдау жұмысына айрықша мән беретінін жеткізді. Қазір елімізде 600 мыңға жуық педагог білім беру саласында жұмыс істейді. Соңғы жеті жылда елімізде 1 миллионнан астам оқушыға арналған 1342 мектеп салынды. «Жас ұрпақ дамыған мемлекетте, қауіпсіз ортада, өркениетті қоғамда өмір сүруі керек», -деді Мемлекет басшысы.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Биыл тағы 101 мектеп салынып жатыр. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында білім беру мекемелерінің жаңа стандарты қалыптасты. Соның арқасында заманауи инфрақұрылымы бар, балалардың сапалы білім алып, дамуына барлық жағдай жасалған оқу ордалары бой көтеруде. Бүгінде 460 мың оқушыға арналған осындай 217 мектеп салынды. Сол мектептердің 84-і, яғни 40 пайызға жуығы ауылдық жерде орналасқан. Мен өз сөздерімде әрдайым айтып жүрмін: ауыл мектебі де, қала мектебі де балаларға бірдей сапалы білім беретін заманауи оқу мекемесі болуы керек. Қазіргі таңда мемлекет Жасанды интеллект жүйесіне негізделген арнайы сабақтарды орта мектептерге жаппай енгізу бағдарламасын іске асыруда. Бұл – өте маңызды жұмыс.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы еңбекқор, білімге құштар, ізденімпаз ұрпақ тәрбиелеудің маңызына да тоқталды. Салтанатты жиында білім берудегі аса үздік жетістіктері және елімізге сіңірген айрықша еңбегі үшін бір топ мұғалімге жоғары мемлекеттік наградалар «Құрмет» ордені, «Ерен еңбегі үшін», Шапағат» және «Қазақстанның Еңбек сіңірген ұстазы» медальдары табыс етілді.

Ендігі білім саласындағы жаңашылдық – жасанды интеллектіні орта білім беру жүйесіне жоспарлы түрде енгізу. «Жаңа технология мұғалімдердің қызметін әлдеқайда жеңілдетеді, оларды артық жұмыстан босататын сенімді құралға айналуға тиіс. Осы кезде ғана ұстаздар тәлімгерлікпен айналысып, оқушылардың шығармашылығына ден қояды», — делінді салтанатты жиында.

АЙЗАТ ТҰРҒЫНБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
— Бүгінде қазақстандық ұстаздардың қызметі дәстүрлі сабақ берумен ғана шектелмейді. Цифрландыру, жасанды интеллект, жаңартылған оқу бағдарламалары мен жаңа технологиялар педагогке қойылатын талаптарды да өзгертті. Соған қарамастан мұғалімнің басты міндеті өзгермейді. Ол – мектепке тарыдай болып кіріп, таудай болып шыққанша балаға білім беру.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал