Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews
«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға». Дәл қазір талай дарынның зейінін ашқан ақтаулық ұстаз Шынар Кетеева туралы айтқалы отырмыз. Білім беру саласында 28 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан мұғалім жақында шәкірттерімен бірге «Барыс» атты мультхикая әзірлеген.
37 жылдық шежіресі бар қара шаңырақта білім мен тәрбие қатар өрілген. Мұндағы педагогтердің дені – зерттеуші, сарапшы және модератор санатты мамандар. Білікті ұжымның жүйелі еңбегінің нәтижесінде соңғы оқу жылының өзінде түлектер алты «Алтын белгі» мен жеті үздік аттестат иеленсе, шәкірттер қоржыны 80-ге жуық марапатпен толыққан.
АСЫЛБЕК ТАҚАБАЕВ, МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ:
— Жетістіктерге тоқталатын болсақ, оқушыларымыз – жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиада иегерлері. Оқу процесінде жаңа технологияларды қолданып жүрміз. Әсіресе, ЖИ бойынша.
Осы білім ордасында талай дарынның бағын ашқан ұстаздардың бірі – Шынар Кетеева. Гурьев педагогикалық институтын тәмамдаған ұстаздың салаға сіңірген еңбегіне биыл – 28 жыл. Ол сабақты тек ережемен шектемей, үнемі шығармашылық ізденіспен өткізеді. Оқушыларды түрлі кітап челленждеріне қатыстырып, кітап оқуға баулиды. Тіпті шәкірттерімен бірге ғылыми жобалар қорғап, «Барыс» атты мультхикая да әзірлеген.
ШЫНАР КЕТЕЕВА, ҚАЗАҚ ТІЛІ МЕН ӘДЕБИЕТІ ПӘНІ МҰҒАЛІМІ:
— Мен негізі шығармашылыққа бағыттаймын. Үй жұмысына да шығармашылық тапсырмаларды көп беремін. Мысалы, бір тақырыпты өткен кезде, жаттығуды жай жазып келмейді, айталық, ұлттық кімдер туралы сабақ өтетін болсақ, солардың макетін жасап, сыныптастарына таныстырады. Бала өз көзімен көреді, қолымен ұстайды.
Иә, ұстаздың шәкірттері үшін қазақ тілі тек оқулықтағы ереже мен тапсырмалардан тұрмайды. Сабақ барысында әдебиет пен тарихтағы тұлғалардың өмірі де кеңінен сөз болып, оқушылардың ой-өрісін кеңейтуге басымдық беріледі.
АҚЖҮРЕК ДОСҚАЛИ, ОҚУШЫ:
— Апаймен бірге «Зерде» жобасына қатыстым. Аз уақыт дайындалсақ та, жүлделі орынға ие болдық. 1-сыныптан бастап қазақ тілі пәнін жақсы көремін. Бірақ 5-сыныпта көбірек қызыға бастадым, себебі Шынар апайым сабақ бере бастады. Ұлы тұлғалардың, батырлардың өмірбаяндарын айтып беретін. Соның арқасында қызығып, өзімнің сөздік қорымды байыттым.
28 жылдық ұстаздық жолдың басты өлшемі – шәкірттің осындай жетістігі. Отыз жеті жылдық тарихы бар мектептің бүгінгі абыройы да нақ осындай ізденімпаз мамандардың еңбегімен қалыптасып отыр.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.