Покровка ауылы неге әлі таза суға жарымай отыр?

Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews

Солтүстік Қазақстан облысы Мамлют ауданына қарасты Покровка ауылының халқы таза тіршілік нәріне жарымай отыр. Осыдан төрт жыл бұрын елді мекенге орталықтандырылған су құбыры тартыла бастаған еді. «Алайда жұмыстың барлығы аяқсыз қалды», — дейді тұрғындар. Мәселе қашан шешіледі? Жауаптылардың уәжі қандай?
Сәбира Түйменова осыдан бірнеше ай бұрын Шымкент қаласынан Покровка ауылына қоныс аударған. Табиғаты шырайлы аймақта жаңа өмір бастаймын деген ол қиындыққа тап болған. Айтуынша, ауызсуды тасып ішуге мәжбүр.

СӘБИРА ТҮЙМЕНОВА, ПОКРОВКА АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— 40 литрлік фляганы алып келеміз де, 40 теңге беріп кетеміз. Кір жуатын болсақ, бір күннің ішінде 3-4 рет келуіміз керек. Бізге бұл алыс болып жатыр. Қыстың күні қиын болады. Біз қалай тасимыз? Шанамен тасимыз ба? Адам бойындай қар жауады деп жатыр. Көшіп келгеніме өкінемін.

Шамамен 20 жыл бұрын ауыл ортасынан 30 метр тереңдікте ұңғыма қазылған. Қазір жергілікті халық суды осы жерден тұтынады. Тіршілік нәрі кестемен аптасына бес күн беріледі. «Оның өзінде құрамында тұз мөлшері көп», — дейді ауылдағы ағайын.
Покровка – 260-қа тарта түтіні бар ауыл. 2022 жылы елді мекенді орталықтандырылған су жүйесіне қосу үшін жұмыс басталған. Бірақ бәрі аяқсыз қалды. Сондықтан әкімдіктегілер жосықсыз мердігер компаниямен соттасып әлек.

ТЕМІРЛАН МАМАШӘРІПОВ, МАМЛЮТ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— 2025 жылы сот біздің талап-арызды қанағаттандырды. Алайда биыл қаңтарда мердігер апелляциялық шағым түсірді. Қазір процесс әлі жалғасуда. Бүгінде сот сараптама жүргізу туралы шешім шығарды. Яғни құбырлармен құдықтар қазылып, тексерілетін болады. Осыған байланысты жобаның іске асырылу мерзімі созылып кетті.

Әкімдік өкілдерінің айтуынша ауыл болашақта Преснов топтық су құбырына қосылады. Ол үшін жобалық-сметалық құжаттар дайын. Ал ол үшін 1,1 миллиард теңге қажет. Бірақ жұмыс нақты қашан басталатыны әзір белгісіз.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал