Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews
Әлемде және Қазақстанда маңызды оқиғалар. Францияда мектеп оқушыларының жаппай наразылығы жалғасып, мыңдаған адам ұсталды. АҚШ президенті Дональд Трамптың Иранға қатысты даулы мәлімдемесі халықаралық деңгейде қызу талқылануда. Швецияда Нобель апталығы басталып, медицина мен физика саласындағы биылғы лауреаттар белгілі болды. Ал Қазақстаннан Жапонияға тікелей әуе қатынасы іске қосылмақ.
Францияда мектеп оқушыларының жаппай наразылығы жалғасып жатыр. Елдің бірнеше қаласында оқушылар мектептерді қиратып, білім беру жүйесіндегі мәселелерді шешуді және оқу жағдайын жақсартуды талап етуде. Соңғы мәлімет бойынша, наразылықтар басталғалы бері 5 мыңнан астам адам ұсталған. Олардың 87 пайызы – кәмелетке толмаған бала. Қақтығыс кезінде 170-тен астам оқушы, 78 білім беру мекемесінің қызметкері және 600-ден астам полиция қызметкері зардап шеккен. Полиция күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.
АҚШ пен Иран арасындағы қақтығысқа қатысты жағдай әзірге тұрақталған жоқ. Вашингтон мен Тегеран арасында дипломатиялық байланыс сақталғанымен, қос тарап келісімге келе алмай отыр. АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен тікелей келіссөздерге әрдайым ашық екенін мәлімдеді. Ал Тегеран Вашингтоннан санкцияларды жеңілдетуді, теңіз блокадасын тоқтатуды және Ормуз бұғазын қайта ашуды талап етіп отыр. Сонымен қатар, Дональд Трамптың кезекті мәлімдемесі АҚШ-та және халықаралық деңгейде тағы да қызу пікірталас туғызды. Президенттің Лос-Анджелес пен Сан-Диегоға қатысты айтқанын Калифорния билігі қатты сынға алды.
ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Мен Иранды үлкен жеңіске жеткізгенімізді көргім келеді. Өйткені бұл біздің осы күнге дейін қабылдаған шешіміміздің дұрыс болғанын дәлелдейді. Соғыс жағдайында бағаның сәл қымбаттауы – уақытша құбылыс. Олар Лос-Анджелесті жойсын, Сан-Диегоны жойсын. Бұл – бейбітшілік үшін жасайтын ең болмашы қадам.
Швецияда Нобель апталығы басталды. Алғашқы күндері медицина және физика саласындағы сыйлық иегерлері жарияланды. Медицина саласындағы Нобель сыйлығы Карл Дайссерот, Петер Хегеманн және Георг Нагельге берілді. Ғалымдар жарық арқылы жүйке жасушаларының белсенділігін басқаруға мүмкіндік беретін оптогенетика технологиясының дамуына үлкен үлес қосты. Ал бүгін физика саласындағы Нобель сыйлығы Фрэнсис Халзенге табысталды. Ол Оңтүстік полюстегі IceCube нейтрино обсерваториясын дамытуға қосқан үлесі және Жерден тыс ғарыштан келетін жоғары энергиялы нейтриноларды ашқаны үшін марапатталды. Ал 9 қазанда ғылым әлеміндегі ең биік марапат – бейбітшілік саласындағы Нобель иегері белгілі болады.
Қазақстандықтар үшін тағы бір маңызды жаңалық – Алматыдан Токиоға тікелей әуе рейстері іске қосылады. Алғашқы рейс 30 қарашада орындауды жоспарлап отыр. Рейстер аптасына екі рет қатынайды. Бұл Қазақстан мен Жапония арасындағы тікелей әуе қатынасын күшейтіп, туристер мен бизнес өкілдерінің сапарын жеңілдетпек.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.