Қазақстан – Оман бизнес форумында кәсіпкерлер не талқылайды?

Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews

Астана қаласында кешелі бері қарбалас. Көліп кептеліп, діттеген жерге жету қиындады. Өйткені бас қалаға Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саид келді. Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздік сарайында Оман сұлтанын қарсы алды. Дәл қазір өтіп жатқан Қазақстан – Оман бизнес форумында кәсіпкерлер не талқылайды?
Тәуелсіздік сарайының төрінде Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саидты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты түрде қарсы алды. Екі ел басшысы алдымен ресми делегация мүшелерін таныстырды. Бұдан кейін Құрмет қарауылының бастығы мемлекет басшыларына рапорт берді. Салтанатты рәсімде Қазақстан мен Оманның мемлекеттік Әнұрандары орындалды.

ИНАРА БАРСАҚБАЕВА, ТІЛШІ:
— Бұл мәртебелі мейманның Қазақстанға алғашқы мемлекеттік сапары. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл сапарды қазақ-оман байланысын жаңа деңгейге көтеретін тарихи қадам деп бағалады. Жоғары деңгейдегі келіссөздер барысында тараптар саяси, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын талқылады.

Оман Сұлтанының Қазақстанға сапары кезінде бірнеше маңызды келісімге қол қойылды. Оман мен Қазақстан кәсіпкерлерінің басын қосатын іскерлік кеңес құрылмақ. Еуразиялық даму банкіне Оман нарығында жұмыс істеуге мүмкіндік беретін келісім де жасалды. Осылайша, тараптар екі ел арасындағы сауданы одан әрі арттыруға ниетті екендерін білдірді. Ол үшін тауар түрлерін көбейтіп, саудадағы кедергілерді азайту көзделіп отыр. Яғни Қазақстан мен Оман кәсіпкерлеріне бір-бірінің нарығына шығу жеңілдейді.

ҚАСЫМ- ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Оманды Қазақстанның араб әлеміндегі уақыт тезінен өткен әрі сенімді серіктесі санаймыз. Келесі жылы айтулы дата – Қазақстан мен Оман арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 35 жыл толуын зор мақтанышпен атап өтеміз. Осы уақыт ішінде тату достыққа, өзара құрмет пен қолдауға негізделген серіктестіктің жаңа кезеңі үшін берік іргетас қаланды.

Оман Сұлтаны да Қазақстанмен экономикалық байланысты одан әрі нығайтуға ынталы екенін жеткізді. Хайсам бен Тариқ Әл Саидтың айтуынша, екі ел энергетика, тау-кен, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика және қаржы салаларында бірлескен жобаларды іске асыра алады. Сондай-ақ туризм, жаңа технологиялар мен жасанды интеллект бағытында да инвестиция тартуға мүмкіндік мол.

ХАЙСАМ БЕН ТАРИҚ ӘЛ САИД, ОМАН СҰЛТАНЫ:
— Қазақстан Азия мен Еуропаны жалғайтын жаһандық сауда дәліздерінің бойында стратегиялық тұрғыдан ұтымды орналасқан. Ал Оман Шығанақ, Үнді мұхиты, Азия және Африка елдерінің басты нарықтарына төте шығатын теңіз жолдарын қамтамасыз етеді. Бір-бірін толықтыратын осы артықшылықтарымыз екі елдің өсіп-өркендеуіне ықпал етіп, пайдаға кенелтері анық. Сондықтан көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға, соның ішінде Оман порттары арқылы сауда дәліздерін бірлесе дамытуға және елдеріміздің арасындағы әуе қатынасын жандандыруға ниеттіміз.

Сонымен қатар екі ел арасында тікелей әрі тұрақты әуе рейстерін іске қосу жоспарланып отыр.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Қазақстандықтар еліңізге ерекше құрметпен қарайды. Оманға саяхаттап барған азаматтарымыздың қатары қалың. Алайда Маскатты, Оманның басқа да қалаларын көрмеген отандастарымыз бар. Елдеріміз арасында қосымша тікелей коммерциялық әуе рейстері ашылса, барыс-келіс әлдеқайда жандана түсері сөзсіз.

Келіссөздерден кейін екі елдің жоғары мемлекеттік наградалары табысталды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәртебелі мейманды Қазақстанның ең жоғары ордені «Алтын Қыранмен» марапаттады. Бұл марапат Қазақстан мен Оман арасындағы достық пен стратегиялық әріптестікті нығайтуға қосқан үлесі үшін берілді. Ал Хайсам бен Тариқ Әл Саид өз кезегінде Қасым-Жомарт Тоқаевқа Сұлтанаттың ең жоғары наградасы Әл-Саид орденін табыстады. Сонымен бірге Қасым-Жомарт Тоқаевты Оманға ресми сапармен баруға шақырды.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал