Қазақстанда eGov GPT арқылы көрсетілетін қызмет саны 150-ге дейін артады

Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews

Еліміздің цифрлық болашағы қандай болады? Digital Qazaqstan стратегиясының мақсаты – технологияларды адамдардың өмірін жеңілдететін тиімді құралға айналдыру. 2029 жылға қарай елімізде қандай өзгерістер болады және цифрландыру бюджетке қосымша түсімдерді қалай қамтамасыз етеді? Өндіріс салаларына біртіндеп еніп бара жатқан жасанды интеллектінің қазірдің өзінде көрсеткен тиімділік өлшемі жайлы не айтуға болады?
«Digital Qazaqstan» жалпыұлттық стратегиясын жүзеге асыру. Үкімет отырысының күн тәртібінде негізгі мәселе осы. Қазақстанда жыл соңына дейін eGov GPT арқылы 150-ге дейін жаңа қызмет түрін іске қосу жоспарланған. «Әлеуметтік әмиян» проактивті әлеуметтік қолдау көрсетуді қамтамасыз етіп, 3 млн пайдаланушыны қамтыған. e-Otinish-тегі жасанды интеллект көмегімен 3,2 млн-нан астам өтініш өңделсе, eGov GPT арқылы 51 қызмет қолжетімді. «Цифрлық жүйелерді көшіру бойынша биылғы жоспар 92%-ға орындалды», — деп мәлімдеді Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі.

ЖАСЛАН МӘДИЕВ, ЖИ ЖӘНЕ ЦИФРЛЫҚ ДАМУ МИНИСТРІ:
— Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмыс форматын өзгерудеміз. Жаңа цифрлық кеңселерде азаматтар қызметтерді eGov GPT цифрлық көмекшісі орнатылған терминалдар арқылы өз бетінше ала алады. Қажет болған жағдайда консультант көмектеседі. Қазір 4 өңірде 5 цифрлық кеңсе ашылды. Тағы 10 өңірде қаржыландыру мәселесі шешілді. Әкімдіктер ғимараттарды даярлауды аяқтап, кеңселерді жыл соңына дейін ашуы қажет.

Жасанды интеллект өндіріске біртіндеп еніп келеді. Мәселен, бұл тәсіл автомобиль өнеркәсібінде де логистикадан бастап сапаны бақылауға дейін қолданыла бастаған. Соның нәтижесінде ақаулар саны 39%-ға азайып, өндірістік желідегі штаттан тыс жағдайлар 8 секунд ішінде анықталады екен. Ал ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың сөзіне сенсек, егістік даласынан фермаға дейін цифрландырылған. Жасанды интеллект «көлеңкелі»экономикадан шығаруға да көмектескен. Елімізде 600 мыңнан астам өзін-өзі жұмыспен қамтыған адам цифрлық платформа арқылы «көлеңкелі» экономикадан шығарылған.

МӘДИ ТӘКИЕВ, ҚАРЖЫ МИНИСТРІ:
— Ең бастысы, цифрландыру нақты қаржылық нәтиже беріп жатыр. Цифрландыру есебінен қаржылық түсімдер 410 млрд теңгені құрады. Яғни ақпараттық мәліметтер тек бақылау құралы емес, сонымен қатар бюджеттің қосымша көзіне айналып жатыр.

Цифрландыру шекарада жүк күту уақытын 10 есе қысқартқан. «Нұр Жолы» өткізу пунктінде тасымалдың цифрлық паспорты іске қосылып, қағаз талонның орнына бірыңғай QR-код қолданылады. Бүгінгі күні 11 мыңнан астам паспорт рәсімделіп, жүк өткізу жылдамдығы 30%-ға артқан. Үкімет отырысында Олжас Бектенов Digital Qazaqstan стратегиясын мемлекеттік жоспарлау жүйесі арқылы жүзеге асыруды қамтамасыз етуді, цифрландыру және жасанды интеллект саласындағы жобалардың шашыраңқы болмауын және мемлекеттік органдардың жауапкершілігін күшейтуді тапсырды.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал