Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews
Мемлекеттік қызмет алу тәсілі де уақыт талабына сай өзгеріп келеді. Шымкентте азаматтарға құжаттарын өз бетінше рәсімдеп, цифрлық сервистерді еркін пайдалануға мүмкіндік беретін жаңа форматтағы кеңсе жұмысын бастады. Мұнда қызмет көрсету ғана емес, тұрғындардың цифрлық сауатын арттыруға да басымдық берілген. Оң өзгерістер туралы өңірдегі әріптесім айтып береді.
Шымкенттегі жаңа AI-кеңседе азаматтар мемлекеттік қызметтерді маманның көмегінсіз өздері рәсімдей алады. Кеңседегі басты жаңашылдықтың бірі – құжаттандыру терминалы. Оның көмегімен жеке куәлік пен паспортты бірнеше минут ішінде өз бетінше рәсімдеуге болады. Ең бастысы, халыққа қызмет көрсету орталығына бару үшін жұмыстан немес сабақтан қалудың қажеті жоқ, цифрлық терминалдар түнге дейін жұмыс істейді.
БЕКҰЛАН МҰСА, ХҚКО МАМАНЫ:
— Жұмыстан кейін, мысалы, біз сағат 18:00-ге дейін жұмыс істейміз. Сағат 6-дан кейін үйінде қол жетімсіз, жұымстан шыққан уақытта келіп істеп кетсе болады. Өзіне керек құжаттарды тапсыруға және справкаларды алуға, мәліметтерді жинауға болады. Өзінің ЭЦП-мен келіп, құжаттарын тапсырып кете береді. Біз сағат 6-ға дейін істесек, 6-дан кейін келіп, жұмыстарын аяқтай береді.
Оңтайлы мүмкіндікті пайдалануға келгендердің бірі – Нұргелді Жүнісбеков. Ол бүгін жаңа терминал арқылы жеке куәлігін ауыстыруға өтініш берді. Айтуынша, цифрлық форматқа көшкеннен кейін қажетті қызмет алу үшін кезекке тұрудың да қажеті жоқ.
НҰРГЕЛДІ ЖҮНІСБЕКОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Бәрі бұрынғыдан жылдам. Мен жеке куәлігімді ауыстыруға тапсырдым. «10 жұмыс күні ішінде шығады», — деді. Бұрынғыға қарағанда ХҚКО цифрлық қызмет көрсетуге өткен, өте тамаша.
Ал дайын құжатты алу үшін енді орталыққа қайта келіп, күтудің қажеті жоқ. Арнайы орнатылған постомат дайын құжаттарды тәулік бойы алуға мүмкіндік береді. Бұл қызметті өтініш берген кезде маманнан рәсімдеу қажет. Құжат дайын болғанда хабарлама арқылы постоматтың мекенжайы, сақтау мерзімі және алты таңбалы код жіберіледі. Құжатты алу үшін осы кодты енгізіп, биометриялық сәйкестендіруден өту жеткілікті. Постоматтан құжаттардың бірнеше үлгісін алуға болады. Дайын құжат құрылғыда үш күн сақталады.
НҰРЛЫБЕК АЛДАНОВ, ҚАРАТАУ АУДАНДЫҚ ХҚКО БАСШЫ ОРЫНБАСАРЫ:
— АІ-кеңсе қызметте цифрлық-сараптамалық және оқу аймақтары бар. Оған қоса халыққа арналған демалыс орны орналасқан. Оқыту класы бар, онда кез келген мекемеден не болмаса колледж, университтерден студенттер арнайы белгіленген уақытта келіп, қазіргі дамыған технология, терминалдармен жұмыс істеуді үйрене алады.
Жаңа кеңсе тек мемлекеттік қызмет алатын орын емес, цифрлық мүмкіндіктерді меңгеретін алаңға да айналып отыр. Мұндай формат ХҚКО-дағы қызмет көрсету процесін жеңілдетіп, азаматтарға уақытын өзіне ыңғайлы жоспарлауға мүмкіндік береді.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.