Астанада бес көліктің түгел өртеніп кетуіне не себеп болды?

Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews

Астанада 5 көлік жанып кеткен жоқ. Өртенген көлікті сөндіремін деп жігіттің өзі де күйіп қалды. «Жетінші арна» тілшілері оқиға ізімен барып, Ахмет Байтұрсынов көшесіндегі тұрақты көзбен көріп қайтты. Зардап шеккен тұрғынның туысымен тілшілеріміз жүздесіп, мән-жайды біліп келді. Төтенше жағдай кезінде қандай ақпарат айтылмай қалды?
ИНАРА БАРСАҚБАЕВА, ТІЛШІ:
— Дәл осы арада, жұрт шырт ұйқыда жатқанда бес көліктің күлі көкке ұшқан болатын. Бірнеше күннен бері оқыс оқиға орны мұқият зерттеліп, көліктің қаңқалары сараптамаға жіберілді. Қазір бұл жер тазаланған. Дегенмен күлімсі иіс пен қарайған орын әлі байқалады. Мамандардың айтуынша, от ұшқыны қай машинадан шыққаны белгілі. Яғни оқиғаға негізгі кінәлі адамның аты-жөні анықталды.

Бірақ тергеу тәртібіне байланысты күдікті адамның есім-сойы құпия сақталып отыр. Ең өкініштісі, өрт кезінде көлігін құтқармақ болған ер адам жалынның ортасында қалып қойған. Машинасын айдап әкетуге үлгермей, денесінің елу пайызы күйіп қалған. Қазір әкесі баласының жағдайы ауыр деп отыр.
Полицияның алдын ала мәліметі бойынша, өрт Volkswagen Passat көлігін қашықтан от алдыру кезінде болған. Сол сәтте электр сымдары қысқа тұйықталып, көлік өртеніп кеткен. Куәгерлердің айтуынша, қатты жел салдарынан жалын маңайдағы төрт көлікке тараған. Тұрғындар алғашында үйіміз өртеніп жатыр деп ойлағанын айтады.
Айта кетейік, оқиға дәл осы жерде Ахмет Байтұрсынұлы көшесіндегі тұрғын үй кешенінің ауласында болған. Үйдің балқып кеткен сыртқы қаптамасы мен оттың қызуынан шытынаған терезелер жалынның қаншалықты күшті болғанын көрсетеді. Ал полиция өрттің барлық мән-жайын анықтап жатыр. Өртенген көліктер арнайы тұраққа жеткізілді. Сараптама тағайындалған. Енді мамандар келген шығынды есептеп, оны кім өтеуі керегін анықтайды.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал