Жамбыл облысында 15 жастағы бала ересектерден таяқ жеп, қаза тапты

Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews

Бір сәттік есерсоқтықтың ақыры. Жамбыл облысындағы жасөспірімнің өлімі қоғам үшін сабақ болуға тиіс. Қайғыдан қан жұтқан отбасы осылай дейді. Ботамойнақ ауылында футбол ойнауға кеткен бала ересектерден таяқ жеп, қаза тапты. Оқиға қалай болды?
Байзақ ауданына қарасты Ботамойнақ ауылының тұрғындарын жасөспірімнің өлімі дүр сілкіндірді. 15 жастағы Миятбек Ерсейт қатарластарымен бірге футбол алаңына кеткен. Ересек балалар соққыға жығып, құлатқан. Таяқ жегенін естіген әкесі оқиға орнына дереу жеткенімен, баласының есін жиғыза алмаған. Жедел жәрдем жасөспірімнің қайтыс болғанын анықтапты.

ЕРТАЙ ҚОНЫСБАЕВ, МАРҚҰМНЫҢ ӘКЕСІ:
— Бәрін ұрып-соққан, құламаған. Менің балам телефон қарап өз-өзімен тұрған. Өзі арық, жіңіше, ұзын бала еді, футболист. Көкіректен ұрған кезде, артқа құлаған. Талып қалды ма деп, олар көршінің үйінен су әкеліп, су шашқан. Отырғызған, тұрғызған, бала оянбаған. Бері қарай сыртқа шығарған да, стадионда құлап қалды деп жедел жәрдем шақырған да сөздері қашып кеткен.

«Бұл – жасөспірімдер арасындағы әлімжеттік», — дейді қайғы жұтқан әке. Сол күні тағы бірнеше жасөспірім таяқ жеген. Ауыл тұрғындары бұл туралы ашық айтуға қорқады. Марқұмның туыстары келтірген уәж ресми түрде расталған жоқ. Аудандық білім бөлімінің маманы оқушылар сабақтан тыс уақытта төбелесті деп отыр.

ҚҰРАЛАЙ ӨСКЕМБЕКОВА, БАЙЗАҚ АУДАНДЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
— Бүгінгі таңда түнгі және күндізгі рейдтік шаралары, сонымен қатар ата-аналармен жиналыс, жоғары сынып оқушыларымен жеке-жеке сөйлесу, олармен сынып сағаттарын өткізіліп жатыр. Бұл жұмысқа барлық мектептегі сынып жетекшілер, құқық қорғау органдарының өкілдері, ИДН қызметкерлері, сонымен қатар білім бөлімі тарапынан бекітілген тәлімгерлер қатысып жатыр.

Тергеу барысында марқұм Миятбек пен 16 жастағы күдіктінің бір лицейде оқитыны анықталған. Екеуі бір-бірін жақсы таныған, тіпті үйлері де жақын орналасқан екен. Қаралы жағдайдан кейін күдіктінің туыстары марқұмның ата-анасынан кешірім сұрапты. Анасының айтуынша, ұлынан айырылған ауыр қайғыға қарамастан, олар балаға кешірім берген. Қазір 16 жастағы күдікті қамалды. Полиция қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізіп жатыр.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал