Ақмолада 5 жасар бала қайнаған суға күйіп, санавиациямен ауруханаға жеткізілді

Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews

Ақмола облысында балалар арасында күйік шалу дерегі азаймай тұр. Ол аздай күйген жерді өз бетімен емдемек болғандар одан да көп. Ақмола облысында қайнаған суға күйген Алдияр есімді баланы ата-анасы үй жағдайында ем жасап, соңында санавиациямен жеткізуге мәжбүр болды. Бүлдіршіннің жағдайы қалай?
Бес жасар Алдияр осыдан бірнеше күн бұрын қайнаған суға күйіп қалған. Алайда баланы ата-анасы бірнеше күн бойы үй жағдайында емдеген. Жағдайы нашарлаған соң құтқарушылар оны тікұшақпен облыстық ауруханаға жеткізді.

ПЕТР РЕДКОЗУБОВ, БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫНЫҢ ХИРУРГІ:
— Баланың денесі күйген жерлер іріңдеп, көпіршіктене бастаған. Себебі ата-анасы науқасты бірден әкелмеген. Олар үш күн бойы сабын, түрлі жақпа майларын қолданып, өздері қараған. Салдарынан жағдайы қиындап кетті.
Ақ халаттылардың айтуынша науқас жансақтау бөліміне жатқызылып, бірден операция жасалды. Кейін терісі трансплантацияланды. Алдиярдың анасының сөзінше ауруханада өткен 30 күн тұтас бір ғасырға созылғандай.

ТӘУТЕК МЕЙРАМ, АЛДИЯРДЫҢ АНАСЫ:
— Баламның жағдайы ауыр болды. Сосын санавиациямен осында әкелді. Дәрігерлерге рақмет. Баламды емдеп, жазды. Алғысым шексіз. Сол кісілердің арқасында балам аман қалды. Ойнап жүрген, шайнектегі суды тартып қалып, соған күйіп қалды.
Өңірде соңғы кездері күйікпен түсетін балалардың саны артқан. Мәселен, жыл басынан бері бөлімде осындай диагнозбен 175 бала ем алыпты.

ЕРНАР ҚОЖАБЕК, БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫ ХИРУРГИЯ БӨЛІМІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ:
— Күйікпен түсетін балалардың саны азайған жоқ. Ең бірінші, ата-аналардан қадағалауды күшейтуін сұраймын. Себебі көбіне күйікпен түсетін науқастар көбі – 1 мен 4 жас аралығындағы балалар.

Жыл басынан бері облыстық балалар ауруханасында 8 жарым мың бала емделген. Ал оның екі мыңнан астамына операция жасалды.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал