Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews
Оба індеті расталмады. Ресейлік мамандар бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына баяндады. Франциядағы оқушылар наразылығы бітпей жатыр. Он мыңдаған адам көшеге шығып, білім беру жүйесінде реформа жүргізуді талап етуде. Сонымен қатар дәл осы Франциядағы заманауи өнер мұражайынан салмағы 210 келі болатын кітап ұрланды.
Иркутскіде оба ауруы расталмады. Қалада бұл дертті жұқтырған ешкім жоқ. Ресей билігі бұл жайлы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына хабарлады. Берілген мәлімет бойынша, Ресейде инфекцияның таралу қаупі өте төмен. Айта кетейік, ауру шықты деген қауесет жақында шыққан еді. Онда Иркутскідегі обаға қарсы институт қызметкері 28 жастағы әйел қайтыс болған деп тараған болатын. Сол кезде онымен араласқан 200-ге жуық адам дәрігерлердің бақылауына алынды. Бақылау қорытындысы бойынша, ешкімнен қауіпті ауру белгілері табылған жоқ, қазір көбі үйіне жіберілді. Роспотребнадзор да зерттеулер нәтижесінде ешқандай қауіпті қоздырғыш анықталмағанын мәлімдеді
Өртеніп жатқан мектептер, соққыға жығылған мұғалімдер мен директорлар және қала инфрақұрылымына келген орасан зор шығын. Францияда мектеп оқушыларының наразылық шаралары бір аптадан бері тоқтамай тұр. Ал Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, бүкіл ел бойынша көшеге 86 мыңға жуық адам шыққан, оның жартысынан көбі Парижде. Наразылық білдірушілер петарда қолданып жатыр, ал күштік құрылымдар оларға қарсы су атқыштар мен көзді жасаурататын газ пайдалануда. Тәртіпсіздіктер кезінде 715 полицей мен жандарм, 215 мектеп оқушысы және мектептің 85 қызметкері жарақат алды. Ланс қаласында 15 жасар жасөспірім полицейлер лақтырған дыбыс-жарық гранатасын қолына алып, салдарынан бір қолынан айырылды.
Жоғары оқу орындарында қосымша орындар бөлу, мектептерді жөндеуге бюджеттен ақша шығару, жаңа мұғалімдерді жұмысқа алу және оқу күнін қысқарту бұл ереуілшілердің басты талаптары. Қызығы сол, адамдар мектептерді жөндеуге ақша талап ете отырып, сол мектептердің өзін өртеп жатыр. Бұған Францияның Премьер-министрі Себастьян Лекорню де назар аударды. Ел үкіметі наразылық білдірушілердің талаптарына жауап қатып, жақын арада оқу жағдайын қайта қарауға уәде берді.
Орасан зор шығын әкелген ұрлық. Франция елінде әлемдегі аса қымбат әрі аса ауыр кітап қолды болды. Бұл кітап салмағы тұра 210 келі. Бұл жәдігер өте ерекше, себебі мұқаба бөлшектерін атақты Сальвадор Дали өзі әзірлеген. Қола мұқаба алтын металмен, бағалы тастармен, табиғи қабыршақтармен сәнделген. Мұнда Жозеф Форе басып шығарған «Апокалипсис» туындысы туралы сөз болып жатыр. Ол 305 мың еуроға бағаланды. Кітап Иссуар қаласында орналасқан Заманауи өнер орталығы көрмесіне қойылды. Толық жинақ 300 000 қой терісі ішінен іріктелген 150 үлкен пергамент парағынан тұрады, ал көркем жазу жұмысына 2000 сағат кетті. Ішіндегі 550 әріп таза алтынмен ерекшелеп жазылған.
Эль-Ниньо салдары 2027 жылға дейін созылуы мүмкін. Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым таратқан мәлімдеме бойынша, бұл табиғи құбылыс қыс аяғында өте жоғары шегіне жетеді. Айта кетейік, бұл уақытта Мұхит суы беті ерекше жылынады. Бұл жағдай әлемдегі бірнеше аймақта бірден табиғи апаттар тудыруы мүмкін. Ғалымдар сөзінше, Эль-Ниньо әртүрлі сипатта байқалады: бір жерге шамадан тыс жауын-шашын әкелсе, енді бір аймаққа құрғақшылық пен аптап ыстық әкеледі. Бұл жағдай ауыл шаруашылығы, экономика мен миллиондаған адам өміріне міндетті түрде әсер етеді. Мысалы, Эль-Ниньо кезіндегі әдеттегі жауын-шашын маусымы климаттық нормадан бірнеше есе көп шамадан тыс мөлшерде өтеді. Ал құрғақ аймақтарда жиі өрт шығады. Бұл жағдай егістікке зиян келтіріп, болашақ өнім көлеміне әсерін тигізеді. Бұл құбылыс азық-түлік қауіпсіздігімен тікелей байланысты. Себебі кей елдерде өнім азайып, басқа аймақтарда тауар жеткізу ісі бұзылса, бұл жағдай әлемдік астық бағасына әсер етіп, халықаралық нарықта бәсекені күшейтеді.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.