Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews
Елімізде су үнемдеу технологияларына сұраныс артып келеді. Үш жыл бұрын заманауи суару жүйелері 237 мың гектар алқапта қолданылса, биыл бұл көрсеткіш 702 мың гектардан асты. Абай облысында да шаруалар жаңа тәсілге бет бұрып жатыр. Үржар ауданында қуаңшылыққа қарамастан, тамшылатып суаруды қолданған шаруашылықтар өнім жинауда.
Жаз бойы аптап ыстық пен жауын-шашынның аздығы бұл алқаптағы күнбағыстың түсіміне әсер етпеді. Себебі егістік қажетті ылғалды арнайы жүйе арқылы алады. Шаттық Ыдырыш биыл алғаш рет тамшылатып суаруды енгізіп, 114 шақырым жерасты құбырын тартқан. Соның арқасында бұрын игерілмей жатқан 1200 гектар жер қайта айналымға қосылды.
АЛЕКСАНДР КОНСТАНТИНОВ, КОМБАЙНШЫ:
— Қатты ыстықтан биыл егін дұрыс шықпады. Мынау сияқты суармалы жерден ғана түсім мол болып жатыр. Жауынға сеніп, егін егудің тәуекелін шаруалар да түсіне бастады. Біртіндеп тамшылатып суаруға көшуде. Міне, қазір күнбағысты күні-түні орып жатырмыз.
Жаңа технологияның мүмкіндігін шаруашылық асқабақ өсіру арқылы да сынап көрді. Бұл өңірде алғаш рет 100 гектарға егілген дақылдан жаман өнім алынбаған. Шаруалар асқабақтың өзін емес, дәнін өңдеп, сыртқы нарыққа шығаруды жоспарлап отыр.
ШАТТЫҚ ЫДЫРЫШ, ДИҚАН:
— Бұның енді дәні адам денсаулығына өте пайдалы. Бұның сұранысы өте жоғары. Әсіресе, Еуропа халқы. Қазақстанда да өте сұранысқа ие. Шауып, тазалап, кептіріп содан әрі қарай базарға саламыз.
Үржар ауданында биыл көктемгі және күзгі дала жұмыстарына 3 миллиард теңгеден астам қаржы қарастырылған. Ал егін орағына қажетті 700 тоннаға жуық жанармай шаруаларға жеңілдетілген бағамен берілмек.
АЙДЫН ҚАЛИХАНОВ, ҮРЖАР АУДАНДЫҚ АШБ СЕКТОР МЕҢГЕРУШІСІ:
— Биылғы жылы ауа райының қолайсыздығына қарамастан күзгі науқанды аяқтау үстіндеміз. Оның ішінде биыл дәнді дақылдарды жинау толық аяқталды. Нөлдік технологиямен іске қосылып жатыр шаруашылықтар. 177 шаруа қожалығы жеңілдетілген жанармайға өтінім берген. Қазіргі уақытта тасымалдау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Елімізде су үнемдеу жүйелерін сатып алып, орнатуға жұмсалған шығынның 80 пайызына дейін өтеу қарастырылған. Ал 2030 жылға қарай мұндай технология қолданылатын алқап көлемін 1 миллион 300 мың гектарға жеткізу жоспарланып отыр.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.