Мемлекет басшысы Халықаралық шахмат федерациясының жаңа президентін қабылдады

Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews

Мемлекет басшысы Халықаралық шахмат федерациясының жаңа президентін қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаев әуелі Тимур Турловты осы лауазымға сайлануымен құттықтады. «Бұл – Қазақстан мен отандық шахмат мектебінің әлемдік аренадағы абыройы артып келе жатқанының белгісі», — деді Президент.
Соңғы жылдары қазақстандық шахмат мектебі қарқынды дамып келеді. Елімізде спорттың осы түрімен 278 мыңнан астам адам айналысады. Қасым-Жомарт Тоқаев Самарқандта өткен Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында күміс медаль иеленген әйелдер құрамасының жарқын жетістігін де айрықша атап өтті. Бұдан бөлек, Президент Қазақстан шахмат федерациясының алдында тұрған басым міндеттерді атады.
Айта кетейік, Тимур Турлов өткен айдың соңында Самарқандта Халықаралық шахмат федерациясының президенті болып сайланған болатын. Екінші турда ол 110 делегаттың дауысын жинап, қарсыласы Вадим Розенштейннен басым түсті. Осылайша, FIDE тарихында алғаш рет ұйымды Қазақстан өкілі басқаратын болды. Тимур Турловпен бір командада сайлауға түскен бес дүркін әлем чемпионы Вишванатан Ананд FIDE президентінің орынбасары қызметін атқарады. Жаңа басшылықтың өкілеттік мерзімі – төрт жыл.
ТИМУР ТУРЛОВ, FIDE ПРЕЗИДЕНТІ:
— Біздің басты мақсатымыз – FIDE-ні барлық ұлттық федерацияның үні естілетін, бейтарап әрі беделді ұйымға айналдыру. Қазақстандағы келіссөз және дипломатия мәдениетін осы жұмысқа енгізгім келеді. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың түрлі елдермен өзара құрметке негізделген дипломатиялық қарым-қатынас орнату тәжірибесінен үйренуге тырысамын. FIDE-де де күрделі мәселелерді диалог арқылы шешіп, жаңа серіктестер тартып, бұрынғы қайшылықтарды азайтқымыз келеді. Түпкі мақсатымыздың бірі – шахматты Олимпиада бағдарламасына енгізу.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал