Ақтауда балықтан уланған бала қайтыс болды

Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews

Ақтауда балықтан уланып, ес-түссіз жатқан бала кеше қайтыс болды. Бұл туралы туыстары хабарлады. Ысталған балық жеген бір отбасы ауырғандарын елемей үш күн бойы жүріп қалған. Үйде әзірлеген күмәнді астың қаншалықты қауіпті екенін мамандар барынша түсіндіріп жатыр.
Уланған баланы емдеу үшін Ақтауға республикалық деңгейдегі реаниматолог, инфекционист, невролог шақыртылды. Мамандар қажет медициналық көмекті көрсеткенімен,нәтиже болмады. Жансақтау бөлімінде есін жимастан көз жұмды. Тәуелсіз эпидемиолог дәрігер Асима Жарылғасова: «Оқиғаны жан-жақты тексеру керек», — дейді.

АСИМА ЖАРЫЛҒАСОВА, ТӘУЕЛСІЗ ЭПИДЕМИОЛОГ:
— Біз неге мұндай жағдайға тап болдық? Дөп басып айта алмаймын. Менің пайымдауымша, қайтыс болған жеткіншек балықты тұтынған кезде удың ең жоғары мөлшері бар бөлігін жеп қойған болуы мүмкін. Қателеспесем, 5 адам ауруханаға түскен болу керек. Бірақ әр қайсысының жағдайы әртүрлі. Соның ішінде баланың денсаулығы өте нашар болып келген болса керек. Бұл жерде тек ботулизмге қарсы сарысу енгізіп, қарқынды терапия шараларын жүргізумен шектелесің.
Денсаулық сақтау министрлігі ботулизмнің ботулиндік токсиннің әсерінен пайда болатын, өмірге қауіп төндіретін ауыр ауру екенін ескертеді. Токсин жүйке жүйесін зақымдап, жұтыну мен тыныс алудың бұзылуына әкелуі мүмкін. Ауыр жағдайда адамға жасанды өкпе желдету аппараты қажет болады. Мамандар сыртқы түрі немесе иісі өзгерген, шығу тегі белгісіз және сақтау талаптары сақталмаған өнімдерді тұтынбауға шақырады.

БАЯН САТҚАНБАЕВА, МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫ СЭБД ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Балықтың түсі өзгерген, көгерген немесе жағымсыз иісі пайда болған жағдайда, сондай-ақ өнімнің дайындалуы мен сақталу жағдайы белгісіз болса, оны тұтынуға болмайды. Балық өнімдерін заңды сауда орындарынан, әкелген жері, өндірушісі және жарамдылық мерзімі көрсетілгенде ғана сатып алу ұсынылады. Кәсіпорында дайындалып, тиісті технологиялық өңдеуден өткен және сақтау талабы сақталған өнімдерге басымдық берген дұрыс.

Тамақтан уланған отбасының тағы үш адамын дәрігерлер емдап жатыр. Әкесінің жағдайы жақсарған. Ал тағы екі ересек адам Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасында емін жалғастырады.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал