Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews
Астанада автотұрақта жас әйелдің өліміне қатысты жаға ұстатар дерек шықты. 30 жастағы қала тұрғынының бұрынғы күйеуі адам өлтірді деген күдікпен қамалды. Оған тағылған айып мұнымен шектелмейді. Адвокаттың айтуынша, ер адам зорлау және азаптау бабымен де тергеліп жатыр. Ең сорақысы, марқұм зорлау туралы арызды полицияға тамыз айында жазған. Алайда іс кейін тоқтатылған.
Бұрынғы күйеуінің қолынан аса қатыгездікпен қаза тапқан әйел бұған дейін полицияға бірнеше рет жүгінген. Адвокат осындай мәлімдеме жасады. Ажырасқан күйеуінен қорғау үшін хаттама да жасалған. Денсаулығына зиян келтірді деп іс те тергелген. Оған қоса әйелді зорлау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған.
ЖАСҰЛАН РАХЫМҒАЛИЕВ, АДВОКАТ:
— Зорлау фактісі бойынша қылмыстық іс бұл трагедияға дейін тіркелген. Тергеу барысында іс тоқтатылғанымен, келесі күні прокуратура бұл шешіммен келіспей, қаулының күшін жойған. Күдіктінің Астанада учаскелік инспектор болғаны, кейін 2025 жылдың қазанында Қарағандыға патрульдік полицияға ауысқаны да белгілі. Ал биыл шілдеде ол ішкі істер органдарынан өз еркімен кеткен. Меніңше, осы уақытқа дейін оның әрекеттері елеусіз қалып келген болса, қазір істің әділ тергелуіне қатысты алаң бар.
Қазір бұл қылмыс бойынша бірден бірнеше іс тергеліп жатыр. Марқұмның жақындары істің «Адам өлтіру» бабы бойынша тергелуіне келіспейді. Олар қылмысты неғұрлым ауыр баппен қайта саралауды талап етіп отыр. Мұндай жағдайда жаза 15 жылдан басталып, өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейін баруы мүмкін. Бұдан бөлек, зорлау және азаптау фактілері бойынша да тергеу жүріп жатыр.
ИНАРА БАРСАҚБАЕВА, ТІЛШІ:
— Бұл істе енді күдіктінің әрекеті ғана емес, оған дейін болған оқиғалар да жіті тексерілмек. Себебі Жазираның қорғау нұсқамасы болған, оған қатысты бірнеше іс қозғалған. Яғни адвокаттың айтуынша, қауіп туралы белгі бұған дейін де болған. Енді марқұмның туыстары сол ескертулер неге дер кезінде нәтиже бермегенін білгісі келеді.
ЕЛНҰР АДАУОВ, ЗАРДАП ШЕГУШІНІҢ АҒАСЫ:
— Ұрғаны, аңдығаны үшін, отбасылық зорлық-зомбылық көрсеткені үшін ешқандай жаза тартқан жоқ. Қанша арыздансақ та қарындасымды қорғай алмадық, ақыры осыған әкеліп соқты. Мен де қорғай алмадым, полиция да қорғай алмады.
Айта кетейік, Жазираның арыздары бойынша процессуалдық шешім қабылдаған бұрынғы төрт полицей қазір тергеуге алынған. Оларға қызметіне салғырт қарады деген күдікпен қылмыстық іс қозғаған. Үшеуі ұсталып, біреуі кейін босатылды.
Еске салайық, 23 қыркүйек күні кешке Астанадағы үйінің маңындағы автотұрақта әйел кісі қолынан қаза тапты. Күдікке оның 33 жастағы бұрынғы күйеуі ілінді. Марқұмның жақындарының айтуынша, әйелге 16 рет пышақ сұққан. 10 және 6 жастағы екі қызы қалды. Тергеу жалғасып жатыр.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.