Диқандар бидайдың 95% астамын орып үлгерген

Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews

Еліміздің солтүстігінде күзгі дала жұмыстары аяқталуға жақын. Бүгінде өңір диқандары бидайдың 95 проценттен астамын орып үлгерген. Астық берекелілігі орташа есеппен гектарынан 17 центнерді құрап отыр. Қазір жиналған сары алтын элеваторларға жеткізіліп жатыр. Сапасы қандай?
Түгін тартсаң, майы шығатын Солтүстік қазақстан облысында биыл бидай бітік шықты. Ризығын жерден теретін шаруалар ала жаздай баптаған астықты оруда. Егінді шашау шығармай жинап алғандардың бірі – Руслан Асхабов.

РУСЛАН АСХАБОВ, ШАРУА:
— 4,5 мың гектар алқабымыз бар. Биыл оның жартысына майлы дақыл, қалғанына бидай ектік. Соңғысының шығымы 20-25 центнерден айналды. Субсидияны уақытылы алдық. Жеңілдетілген жанармай берілді. Яғни қолдаудың арқасында дала жұмыстарын жақсы аяқтадық.

Биыл аймақта орақ науқаны жылдағыдан ерте басталды. Себебі жаз ыстық болғандықтан астық тез пісіп, жетілді. Бүгінде жиналған сары алтын элевторларға жеткізілді. Кәсіпорын тоқтамай қабылдап жатыр.

ҚОРЛАН ИРЖАНОВА, КӘСІПОРЫН БАСШЫСЫ:
— Былтырмен салыстырғанда биылғы өнімнің сапасы жоғары. Мәселен, бізге жеткізілген бидайдың натурасы 800 граммға дейін барады. Ал клейковина мөлшері 27 пайызға дейін жетті. Қазір элеваторда жұмыс қызған. Өнімді кешке дейін қабылдап жатырмыз.

Еске салайық, биыл облыста 4,4 млн гектарға ырыс дәні себілген болатын. Оның жартысы бидай. Айта кетейік солтүстіктік сары алтынына Қытаймен Орта Азия елдері сұрау салып отыр.

ДИНАРА АНАФИНА, АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— 2 миллион 723 мың гектар алқаптан бидай жиналды. Ел қамбасына шаруалар 4 миллион 616 мың тоннадан астам астық құйды. Орташа өнімділік гектарына 17 центнерді құрап отыр. Өнімнің дені – 3-ші және 4-ші класс. Қазір аймақта енді майлы дақылдар орылып жатыр.

Айта кету керек, жиын-терімді уақытылы аяқтаған шаруалар қазір алқапты жыртып, келер жылдың қамына кірісіп кетті.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал