2040 жылға қарай Каспий арқылы жүк тасымалы төрт есе ұлғаяды

Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews

2040 жылға қарай Каспий арқылы жүк тасымалы төрт есе ұлғаймақ. Ал Орталық Азия мен Әзербайжан саудасы $20 млрд-қа жеткізу көзделіп отыр. Түрікменстанда Орталық Азия және Әзербайжан мемлекеттері басшылары қатысып жатқан 8-ші Консультативтік кездесу нәтижесінде осындай Бірлескен мәлімдеме қабылданды. Екі күнге жоспарланған сапар барысында ТМД мемлекеттері Президенттерінің кеңесі және Каспий экологиясы Саммитіне қатысу жоспарланып отыр.
Консультативтік кездесуде Мемлекет басшысы өңірдегі ықпалдастықтың негізгі мәселелері бойынша Қазақстанның ұстанымын жеткізді. Сауда-экономикалық ынтымақтастығымыздың мазмұны жыл өткен сайын толығып келеді. Бірлескен кәсіпорын көбейді. Өнеркәсіп, машина жасау, энергетика, ауыл шаруашылығы секілді секторда ауқымды жоба жүзеге асырылып жатыр. Ішкі нарық әлеуеті әлі де зор. Былтыр өңір ішіндегі сауда көлемі шамамен 13 миллиард долларды құрады. Сондықтан өзара сауда үлесін арттырып, осы көрсеткішті кемінде 20 миллиард долларға жеткізу үшін бірлескен іс-қимыл жоспарын әзірлеу және қабылдау жөнінде міндет жүктеген дұрыс деген Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан көлік инфрақұрылымын дәйекті түрде дамытып, өңірлік қарым-қатынас аясын кеңейтетінін айтты.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Мойынты – Қызылжар және Дарбаза – Мақтаарал теміржол желісінің құрылысы аяқталуға таяу. Келесі жылы Бақты – Аягөз бағыты ашылады. Бұл – өте маңызды, тіпті стратегиялық сипаты бар бағдарлар. Қытайды Каспий теңізімен және Еуропа нарығымен байланыстыратын Арал – Каспий магистралінің құрылысы басталды. Қазақстанның көлік инфрақұрылымын ауқымды түрде жаңғырту тұтас аймақтың транзиттік рөлін күшейте түсетініне сенімдімін. Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамытуға баса мән беріледі. Соңғы жылдардың динамикасы Орта дәлізге сұраныстың артып келе жатқанын көрсетеді. Ресеймен ынтымақтастық тұрғысынан Солтүстік – Оңтүстік бағыты да Қазақстан үшін өзекті

Мемлекет басшысы Дүниежүзілік банктің бағалауынша, жоспарланған инфрақұрылымдық міндет толық жүзеге асырылса, 2040 жылға қарай Каспий арқылы жүк тасымалы төрт есе ұлғаятынын айтты. Президент су мәселесі – Орталық Азия тұрақтылығына қатер төндіретін басты сынақтың біріне айналуы мүмкін деді

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Алдымызда трансшекаралық су ресурстарын басқарудың тың тәсілдерін әзірлеу міндеті тұр. Бұл жұмыста өзара құрмет, теңқұқылық қағидаттары негізге алынып, аймақтағы барлық елдің мүддесі ескерілуі керек. Орталық Азияның су пайдалану бойынша негіздемелік конвенциясын қабылдау ынтымақтастықтың жаңа өңірлік архитектурасын қалыптастыратын алғашқы қадам болар еді. Құжат жобасы тараптардың қарауына ұсынылды. БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру бастамасы өте өзекті. Оны халықаралық, атап айтқанда, Орталық Азияның ортақ ұстанымы ретінде бірге ілгерілету су ресурстарын басқарудың жаһандық жүйесіне қосқан үлесіміз болмақ.

VIIІ Консультативтік кездесуінде жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықтың маңызы да айтылды. Қазірде Қазақстанда жасанды интеллектінің біртұтас экожүйесі дәйекті түрде құрыла бастады. Заңы қабылданды. Digital Qazaqstan стратегиясы енгізілді. Президент осыны ескеріп, жасанды интеллект бойынша Орталық Азия серіктестігін құру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. «Әр ел ғылыми орталығы, университет, технологиялық компания ақпарат пен тәжірибе алмаса алады», – деді Қасым Жомарт Тоқаев.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал