Атырау облысы қайтарылған активтер есебінен салынған мектеп-интернат пайдалануға берілді

Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews

Атырау облысы Жамансор ауылында қайтарылған активтер есебінен салынған мектеп-интернат пайдалануға берілді. 80 оқушыға арналған білім ордасы мен 30 орындық интернат заманауи талаптарға сай жабдықталған. Бұрын ауылдағы жоғары сынып оқушылары мектептің жоқтығынан көрші аудандарға барып білім алып жүрді.
Жаңа мектептің ашылуын көптен күткендердің бірі – Кенбай ауылының тұрғыны Әбілхан Бектілеуов. Балалары бұрын білім ордасының жоқтығынан көрші аудандағы мектеп-интернатта жатып оқыған. 80 шақырым жерге қатынау қиын. Енді мәселе шешімін тапты. Балаларын іргедегі ауылдан көлікпен өзі әкеліп, кешке қайта алып кетеді.

ӘБІЛХАН БЕКТІЛЕУОВ, КЕНБАЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Ғимарат жақсы салынған. Балаларымыз жақсы білім алып, «тарыдай болып кіріп, таудай болып шықсын».

Мектепте қазір 120 бала оқып жатыр. Жаңа білім ордасы заманауи талапқа сай жабдықталған. Мұнда физика, химия, биология, робототехника кабинеттерінде оқушылардың теориялық білімін тәжірибе жүзінде де жетілдіруге мүмкіндігі бар. Ауыл балалары енді алысқа сабылмай-ақ осындай заманауи мектепте білім алады. Қазір мұғалімдер қатары да толығып жатыр.

ЖАНАРГҮЛ ЖҰМАБАЕВА, ЖАМАНСОР НЕГІЗГІ МЕКТЕБІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ М.А.:
— Бұрын балаларымыз Доссор мектеп-интернатында жатып оқыды. Қалған балалар Атырауда оқыды. Құлсарыда ағайын-тумасының үйінде жатқан, Сағызда, Мұқырда оқыған оқушылар бар. Солардың барлығы ауылымызға оралып, осы мектепте жүздесіп, оқуды бастап жатқан жайымыз бар.

Мектепте 70 орындық акт залы мен спорт залы қарастырылған. Сондай-ақ білім ордасының жанынан 30 орындық интернат та бой көтерді. Бұдан бөлек, қайтарылған активтер есебінен облыс орталығында 1 мектеп пен Құрманғазы ауданында МРТ құрылғысына арналған ғимарат салынуда.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал