Малайзияны улы түтін тұмшалады

Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews

Непал мен Тибетте жоғалған екі қазақстандықты іздеу жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Ресейдің Омбы қаласындағы мұнай өңдеу зауытында дрон шабуылынан кейін өрт шықты. Ал Малайзияда орман өртінен тараған улы түтінге байланысты мектептер жабылды. 2 миллиондай оқушы қашықтан оқуға көшірілді.
Непал мен Тибеттегі жойқын табиғи апаттан кейін хабар-ошарсыз кеткен екі қазақстандықтың тағдыры әлі белгісіз. Іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Туыстары генетикалық сараптамаға қажет биологиялық материал тапсырды. Айта кетейік, табиғи апаттан кейін із-түзсіз жоғалған үш қазақстандықтың біреуі елден табылды. Қазір апат болған аймақтарда табылған мәйіттер мен жеке заттар арнайы сараптамаға жіберілді. Кімге тиесілі екені анықталады. Ал Қытайдың Тибет аумағындағы ең көп зардап шеккен Гьиронг аймағында іздеу жұмыстары күшейтілген. Еске салайық, 26 тамызда Қытай мен Непал шекарасындағы өткел маңында көшкін жүрді. Салдарынан жол қатынасы бұзылып, байланыс пен электр қуатын жеткізу қиындады. Артынша жойқын су тасқыны болып, мыңдаған адам жоғалып кетті.

ЖАНБОЛАТ ҮСЕНОВ, ҚР СІМ РЕСМИ ӨКІЛІ:
— Қалған екі отандасымыздың тұрған жері әзірге анықталған жоқ. Непал мен Қытайдың тәртібіне сәйкес туыстары ДНҚ талдауы үшін биологиялық материал тапсырды. Қазақстандық дипломаттар хабарсыз кеткендердің отбасыларымен байланыста отыр. Қажетті қолдау көрсетіліп жатыр.

Ал Малайзияны улы түтін тұмшалады. Елдің бірқатар өңірінде мектептер жабылды. Шамамен екі миллион оқушы қашықтан оқуға көшірілді. Бұл туралы Малайзияның Білім министрлігі хабарлады. Егер ауа сапасы үш күн қатарынан қауіпті деңгейде сақталса, 12 қазаннан бастап оқушылар үйден білім алады. Жергілікті биліктің мәліметінше, көрші Индонезиядағы орман өрттерінен шыққан түтін Малайзияның 37 аймағына тараған. Табиғи апаттың зардабын Сингапур да тартып отыр. Ал Куала-Лумпур билігі көрші мемлекетке өртті сөндіруге көмектесуге дайын екенін мәлімдеді.
Ресейдің Омбы қаласындағы мұнай өңдеу зауыты отқа оранды. Кәсіпорынға дронмен шабуыл жасалған. Жергілікті биліктің хабарлауынша, әуе қорғанысы күштері ұшқышсыз аппараттардың басым бөлігін атып түсірген. Алайда біреуі солтүстік өнеркәсіп аймағына құлаған. Зардап шеккендер жоқ. Зауыттан шыққан қою түтін мен өрттің видеосы әлеуметтік желіде тарады. Ал төтенше жағдайға қарамастан, жақын маңдағы колледж бен университетте сабақ тоқтатылмаған. Студенттер осыған шағымданған. Бұл зауытқа жасалған алғашқы шабуыл емес. Биыл 6 шілдеде де кәсіпорынға соққы жасалып, Reuters мәліметінше, жұмысы уақытша тоқтаған.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал