Қ. Тоқаев ТМД-ны 2035 жылға дейін дамытудың жаңа стратегиясын әзірлеуді ұсынды

Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД-ны 2035 жылға дейін дамытудың жаңа стратегиясын әзірлеуді ұсынды. Ол бұл туралы Түркіменстанда өтіп жатқан мемлекет басшылары кеңесінің отырысында айтты. Сондай-ақ Мемлекет басшысы ТМД елдерінің 2027-2030 жылдарға арналған үздік индустриялық-технологиялық жобаларының тізімін жасақтауды туралы да ұсынысын алға тартты. Түркімен еліне сапар барысында Президенттер ұлттық тағамдар фестивалін тамашалады.
Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысу үшін «Аваза» кешеніне барды. Мемлекет басшысын Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов қарсы алды. Мемлекет басшылары кеңесінде сөз сөйлеген Қасым Жомарт Тоқаев Атқарушы комитетке елдеріміздің үкіметтерімен бірлесіп, ТМД-ның 2035 жылға дейінгі даму стратегиясын әзірлеуді ұсынды.
Ең алдымен, мемлекеттеріміз үшін аса маңызды басымдықтарға мән берген жөн. Олар: экономика, энергетика, инфрақұрылым, озық технологиялар және адам капиталы. Мұндай тәсіл орнықты прогреске жету жолындағы іс-әрекетіміздің үйлесімді әрі бірізді болуына септігін тигізетінін жеткізді. Сондай ақ Қазақстан ТМД елдерінің нарығына әдеттегідей басымдық береді. Президент еліміздің сыртқы сауда айналымының ширегінен астамы Ұйымға мүше мемлекеттердің үлесінде екенін айтты.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Өткен жылдың қорытындысы бойынша ТМД елдерімен сауда айналымы 40 миллиард долларға жуықтады, ал биылғы жеті айда 10 пайызға өсті. Бірлескен өндірістерді ашу ісінде де үлкен тәжірибе қалыптасты. Мысалы, Ресей Федерациясының қатысуымен іске асырылып жатқан қазақстандық өнеркәсіп жобалары портфелінде жалпы құны 61 миллиард доллар болатын 178 жоба мен бастама бар, оның 124-і жүзеге асырылды. Өзбекстанмен арада құны шамамен 2 миллиард доллар болатын 80 жоба бойынша жұмыс жүргізілуде. Беларусьпен арнайы және ауыл шаруашылығы техникасының бірлескен өндірісі жолға қойылды.

Мемлекет басшысы ТМД елдерінің үздік индустриялық-технологиялық жобаларының тізімін жасақтауды ұсынды.Президенттің айтуынша, Қазақстан бір мезгілде Ресей бағытында, сондай-ақ Өзбекстан және Қырғызстан елдерімен арадағы шекара маңында индустриялық-сауда орталықтарының желісін құрып жатыр. Өнеркәсіп және сауда саласындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында құқықтық база жасалды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— ТМД кеңістігінің біраз бөлігінде іскерлік байланыстарды дамытуға және жаңа өндіріс орындарын ашуға арналған заманауи инфрақұрылым қалыптасып келеді. Енді осы әлеуетті барынша ұтымды пайдалану керек. Басқаша айтқанда, өзара сауда-саттықтағы негізсіз, қолдан жасалған кедергілерден арылған жөн. Қызметтер нарығын кеңейтіп, инвестицияға қолайлы жағдай жасау қажет. Достастық аясында бірлескен ірі бастамаларды жүзеге асыру аталған жұмыстың қисынды жалғасы болуға тиіс. Осы орайда, ТМД елдерінің 2027-2030 жылдарға арналған үздік индустриялық-технологиялық жобаларының тізімін жасақтауды ұсынамын. Менің ойымша, қосылған құны жоғары өнім өндірісіне баса мән берген дұрыс. Бұл экономикаға серпін беретін жаңа нысандарды құруға септігін тигізеді.

Сапар барысында ТМД мемлекеттері басшылары ұлттық тағамдар фестивалін тамашалады.Түрікменстан павильонында мемлекеттер басшыларының назарына жергілікті бақша және нан-тоқаш өнімдері, түрікмен кілемдері қойылған көрме ұсынылды. Сонымен қатар әдеби-сазды «Оғыздар» қойылымы көрсетілді.Түрікмен елінде Қазақстанның да ұлттық павильоны еліміздің тарихи-мәдени бай мұрасы мен заманауи жетістіктерін танытатын бірқатар тақырыптық алаңымен ерекшеленді.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал