Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews
Жамбыл облысындағы ең ірі су айдыны Билікөл тартылып барады. Ауыл тұрғындары бұл экологиялық апат деп дабыл қағып жатыр. Әсіресе балық аулап, күнелтіп отырған жұрт табыстан қағылуы мүмкін. Су жағалаудан 300 метрге дейін алыстап кеткен.
Билікөлдің бүгінгі жағдайы жұрттың жағасын ұстатты. Себебі соңғы жылдары мұнда су деңгейі бір жарым метрге дейін төмендеп кеткен. Әсіресе балықпен айналысатындар табыстан қағыламыз деп алаңдаулы. Бұл аздай таязданған айдынның салдарынан мал шаруашылығы да жанданбай отыр.
САРҚЫТБЕК ТАҢАТАРОВ, МАЙТӨБЕ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Балықтар өліп жатыр. Су көлге құйып, шайылып тұруы керек қой. 300 метрге дейін тартылып қалды. Батпақтан жылқылар да өлім жатыр.
Көлдің бұлай тартылуына төрт жыл бұрын қазылған «Сұлтан» арнасы себеп болуы мүмкін деп топшылайды жергілікті халық. Себебі дәл осы канал арқылы су тікелей Ақкөлге жіберіледі. Экологтар болса айдынды сақтап қалу үшін шұғыл шаралар қабылдау қажет дейді. Яғни мұндай кезде ылғалды көп қажет ететін дақылдардың алқабын қысқартқан жөн.
РАУФ СӘБИТОВ, ЭКОЛОГ:
— Судың көп бөлігі буланып кетеді. Сондықтан көлге үнемі жаңа су келіп тұруы керек. Егер ол жеткіліксіз болса, осылай тартыла береді. Мұның салдарын қазірдің өзінде көріп тұрсыздар.
Ауылдағы ағайынның айтуынша аталған көлді сумен қамтамасыз ететін арна жабулы тұр. Салдарынан судың дені қазір Ақкөлге жіберілуде. Шаруалар болса оны алқаптарға пайдаланады. Ал жауапты мамандар вегетациялық кезең аяқталғаннан кейін айдындарға су бірдейі бөлінеді деп сендіріп отыр.
Балықшылардың сөзінше, Билікөлге су қайта жіберіле бастаған. Бірақ көлемі тым аз. Сондықтан еліміздегі ең ірі айдындардың ондығына кіретін көлге тұрақты түрде су келіп тұрса, таяздану процессі тоқтайды деген сенім мол. Бастысы, Аралдың тағдыры қайталанбаса болғаны.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.