Пәтері сатылып кеткен: Алматыда 61 жастағы ер адамның өлімі тергеліп жатыр

Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews

Алматыда 61 жастағы ер адамның жұмбақ жағдайда өліміне қатысты тергеу жүріп жатыр. Қылмысқа қатысы бар деген күдікпен төрт адам ұсталды. Қазір іс Ішкі істер министрлігінің ерекше бақылауында.
Ал марқұмның көршілері оның пәтері сатылып кеткенін айтады. Олардың сөзінше, қайғылы оқиғаның беті күтпеген жерден ашылған. Тұрғындардың айтуынша, көршілердің бірі пошта жәшігінің кілтін жоғалтып алып, кіреберістегі бейнебақылау камераларының жазбаларын тексермек болған. Алайда камерадан көрген көрініс жұрттың жағасын ұстатты. Бейнежазбада 29 қыркүйекте екі ер адамның подъезге кіріп, бесінші пәтерге барғаны байқалады. Ал келесі күні таңертең олардың бірі иығына адамды салып алып, сыртқа шыққан. Тұрғындардың болжамынша, оның басында пакет болған. Кейін бұл бейнежазба әлеуметтік желілерге тарап, қоғамда үлкен шу тудырды. Көршілердің айтуынша, марқұм Сергей осы үйде ұзақ жылдар бойы тұрғанымен, көпшілікпен араласа бермеген. Көбіне жалғыз жүріп, үйінен негізінен дүкенге бару үшін шығатын. Сондықтан оның жоғалып кеткенін тұрғындар бірден аңғармаған. Алайда көп ұзамай марқұмның заттары үйден шығарылып, пәтерінің сатылғаны туралы ақпарат тараған. Бұл жағдай көршілердің күдігін күшейтіп, олар бейнебақылау жазбаларын мұқият тексере бастаған.

ИРИНА ЛИМАРЕВА, КӨРШІСІ:
— Бейнежазбаны қарай бастағанда, 29-ы күні олардың пошта жәшіктерін ақтарып жүргенін көрдік. Дәл бесінші пәтердің тұсында. Ал 30-ы күні оны иықтарына салып алып шыққан. Содан кейін біз дабыл қақтық. Ол бізге мүлде кедергі келтірмейтін. Біз бұл үйде көптен бері тұрамыз. Жас кезінде есірткі қолданғанын еститінбіз, кейін тыныш жүретін болды. Өзі өте жалғыз адам еді. Үнемі жалғыз жүретін.

ҚУАТБЕК НАУАТОВ, ҚАЛАЛЫҚ ПД БАСТЫҒЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:
— Тергеу барысында қылмыстың мән-жайы анықталып, күдіктілердің жеке басы белгілі болды. Сондай-ақ олардың марқұмның пәтерін заңсыз иеленуге қатысы болуы мүмкін екені анықталды. Төрт күдіктінің барлығы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір қажет жедел-тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал