Қайрат Нұртастың концертін ұйымдастырушы 5 жылға сотталуы мүмкін

Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews

Қайрат Нұртастың концертін ұйымдастырушы 5 жылға сотталуы мүмкін. Демалыс күнгі Шымкентте болған дүрбелеңнен кейін ол қамауға алынды. Өйткені концерт көремін деп барған бір тұрғын аяққа тапталып, ауруханаға түсті. Заңды түрде билет сатып алған мыңдаған адам стадионға кіре алмай кіреберісте кептеліс болды. Өйткені іштегі орыннан да көп адамға билет сатылған.
20 жастағы Айжан Айбекқызы Шымкенттегі Қайрат Нұртастың концертін көру үшін Түркістан облысының Шұбарсу ауылынан келген. Кептеліске қалмас үшін тіпті бірнеше сағат ерте барыпты. «Бірақ бәрібір концертке кіру мүмкін болмады». — дейді ол. Көпшілік кіруге ұмтылғанда аяғын қайырып алып, жедел жәрдемнің көмегіне жүгініпті.

АЙЖАН АЙБЕКҚЫЗЫ. ЖӘБІРЛЕНУШІ:
— 19:00-де басталатын болғандықтан, кешігіп қалмайық деп сағат 17:00-де бардық. Біз билетті 13 мың теңгеге Silver зонадан алдық. Сағат 20:00-де әрең кірдік. Аяғымды қайырып алдым, адамдар үстімен таптап, құлап жатты. Волонтерлер жоқ. Қасымызда талып жатқан, су іздеп жатқан қаншама адам болды.
Ал жүрегі ұстап, ауыр халде ауруханаға түскен қыздың туыстары сұқбат беруге дайын емесін айтты. Сөздерінше, бойжеткеннің жүрегі мен миы зақымданған. Есінен танған қыз әлі де жансақтау бөлімінде жатыр, жағдайы ауыр. Сұмдығы сол, жерде тапталып жатқан бойжеткеннің ұялы телефоны мен құжаттары да сол жерде қолды болыпты.

ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:
— Концерт барысында орын алған жағдайға байланысты Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасы төмендегіні мәлімдейді. 2026 жылғы 10 қазанда Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионда өткен концерт барысында 8 адам медициналық көмекке жүгінді. Тексеруден кейін олардың жетеуі үйіне жіберілді. 18 жастағы бір қыз жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Қазіргі уақытта оған қажет медициналық көмек көрсетіліп, жағдайы дәрігерлердің бақылауында.

Бұл жағдайға байланысты концерт ұйымдастырушысы күдікті деп танылып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

ЕРКЕБҰЛАН ЕРЕЖЕПОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ПД БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Алдын ала мәліметтерге сәйкес, сатылған билеттер саны концерт алаңының рұқсат етілген сыйымдылығынан едәуір асып кеткен. Бұл адамдардың шамадан тыс жиналуына әкеліп, көрерменнің қауіпсіздігіне қатер төндірген. Концерт ұйымдастырушысы 1984 жылы туған Л. есімді азамат ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жүргізілуде. Тергеу барысы Шымкент қаласы полиция департаменті басшылығының бақылауында.

ГҮЛДАНА СЕЙДРАСУЛ, ТІЛШІ:
— Сондай-ақ әлеуметтік желіде концертке қатысты жалған ақпарат таратқан әйел жауапкершілікке тартылды. Полицияның дерегінше, ол шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтер жариялап, тұрғындар арасында негізсіз алаңдаушылық туғызған. Оған қатысты тисті материалдар жинақталып, заңда белгіленген тәртіппен қарау жане шешім қабылдау үшін сотқа жолданды.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал