Шұжықтың құрамында қай малдың еті бар екенін анықтауға болады

Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews

Енді шұжықтың құрамында қай малдың еті бар екенін анықтауға болады. Отандық ғалымдар ет өнімдерінің шынайылығын тексеретін ПТР-тест әзірледі. Ол заттаңбада көрсетілмеген ет түрлерін де анықтай алады. Жаңа әдістің тағы бір артықшылығы – шетелдік баламалардан кемінде 20 пайыз арзан болуы мүмкін. Ғалымдар үш жыл бойы жасаған еңбегін сынақтан өткізіп, алғашқы нәтижесін де алған. Тест қаншалықты тиімді?
Шұжықтың құрамында сиыр еті деп жазылғанымен, оның ішінде басқа жануардың еті болуы мүмкін. Мұны сыртқы түріне қарап анықтау мүмкін емес. Ал отандық ғалымдар әзірлеген жаңа тест өнімнің құрамын ДНҚ арқылы тексереді.
СЕРГЕЙ БОРОВИКОВ, С. СЕЙФУЛЛИН АТЫНДАҒЫ ҚАЗАТИУ ПРОФЕССОРЫ:
— Біз еттің қай жануарға тиесілі екенін анықтайтын ПТР-тест әзірледік. Ол өнімнің заттаңбасында көрсетілмеген ет түрлерін табуға, сондай-ақ қымбат еттің орнына арзанырақ ет пайдаланылғанын анықтауға мүмкіндік береді. Мысалы, қой етінің орнына басқа жануардың еті қосылуы мүмкін.

Тест шикі етті ғана емес, тартылған ет пен термиялық өңдеуден өткен өнімдерді де тексере алады. Оның көмегімен 17 жануардың етін ажыратуға болады. Ал нәтиже бір күн ішінде дайын болады. Ғалымдардың айтуынша, зерттеу кезінде кейбір шұжықтың құрамынан заттаңбада көрсетілмеген ет түрлері табылған.

АЙБЕК ЖҰМАЛИН, ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕР:
— Ірі қара мал, қой, ешкі, ит, мысықтың етін анықтауға болады. Арқар сияқты жабайы жануарлардың да еттерін анықтайды.

Жаңа тестті ет өндіретін кәсіпорындарда, ветеринариялық бақылау бекеттерінде, базарлар мен сараптама зертханаларында қолдануға болады. ПТР-талдау жүргізуге арналған арнайы жабдық қажет. Ғалымдардың сөзінше, отандық әзірлеменің шетелдік коммерциялық тесттерден ерекшелігі – бір реакция арқылы бірнеше жануардың етін анықтай алады. Ал импорттық баламаларда әр ет түрін жеке тексеру қажет. Отандық тесттің бағасы шетелдік өнімдерден кемінде 20 пайыз төмен болады деп күтілуде.

ГҮЛВИРА СЕЙТЕН, ТІЛШІ:
— Мысалы, мына шұжықтың құрамында қандай ет бар екенін анықтайтын ПТР-тест әзірге тек зертханалық сынақтан өтті. Енді оның құжаттарын түгендеп, арнайы орталыққа тіркеу керек. Содан кейін ғана, мамандардың айтуынша, екі жыл өткен соң мына ПЦР-тесті біздің елдің ет зертханаларында қолдануға болады.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал