Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews
Солтүстік Қазақстан облысында Есіл өзені арқылы өтетін көпір апатты жағдайда тұр. Покровка ауылы маңындағы гидронысан кезекті мәрте жөндеуге жабылды. Салдарынан «Петропавл – Жезқазған» бағытындағы трассада көлік қозғалысы қиындай түсті. Жүргізушілер қазір айналма жолмен қатынауға мәжбүр. Әсіресе діттеген жеріне асыққан азаматтар көп уақыт жоғалтатынын айтады. Өткел қашан қалпына келтіріледі? Жауаптылардың уәжі қандай?
Есіл ауданына қарасты Покровка ауылы маңындағы мына көпір арқылы күн сайын мыңдаған техника жүреді. Қазан айының басында ауыр жүк көліктерінің қозғалысына шектеу қойылып, өткен аптаның соңында гидронысан біржола жабылды. Себебі оның техникалық қызмет көрсету сапасы уақыт өткен сайын нашарлап барады. Қазір өзеннің арғы жағындағы ауылдарға бару үшін жүргізушілер айналма жол іздеп әлек.
ГАРЕН ЗАРГАРЯН, ЖҮРГІЗУШІ:
— Көлік қатынасы тіптен қиындап кетті. Петровка немесе Николаевка ауылына бару үшін Корнеевкамен Волошенка арқылы айналып өтуіміз керек. Бұл бағыттағы жолдың сапасы сын көтермейді, өте нашар. Негізі аталған елдімекендер мына жерден небәрі 10-15 шақырымдай жерде тұр. Ал айналма жолмен біз 120-130 шақырым жүреміз.
Есіл өзені үстінен өтетін көпір республикалық маңызы бар «Жезқазған – Арқалық – Петропавл» тасжолының 875 шақырымында орналасқан. Ұзындығы 270 метр болатын өткел 1959 жылы халық игілігіне берілді. Жарты ғасырдан асса да жарытып жөндеу көрмеген. Әр тұстағы жарықтар уақыт өткен сайын ұлғайып барады. Жылда жабылғандықтан, жол бойындағы кәсіпкерлер шығынға батады.
ОРЫНТАЙ ӘЛІМКИНА, САТУШЫ:
— Бұл көпірді үшінші жыл қатарынан жөндеп жатыр. Міне, тағы жапты. Кесірінен табыстан қағылудамыз. Яғни бізге адам келмеген соң, айлығымыз қысқарады. Енді 20-ші қазанға дейін бар шаруаны аяқтаймыз деп сендіріп отыр. Көреміз, бастысы көпір құлап кетпесе болғаны.
Жергілікті халықтың алаңдайтындай жөні бар. Себебі нысан апатты жағдайда тұр. «ҚазАвтоЖол» өкілдерінің айтуынша, 2024 жылы болған алапат тасқын кезінде бетон негіздеріне қатты зақым келген. Сондықтан ағымдағы жөндеуге 13 миллионнан астам қаржы бағытталды. Ал болашақта жаңасын тұрғызу жоспарлануда.
АЙБЕК ҚОРЖЫМБАЕВ, «ҚАЗАВТОЖОЛ» ҰҚ АҚ СҚОФ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
— 2025 жылы аталған көпірге тексеріс жүргізіліп, оның апатты екені анықталды. Сондықтан енді басқасын салу ойымызда бар. Ол үшін жоба әзірленді. Биылғы жылдың төртінші тоқсанында құжат сараптамадан өтеді. Мақұлданса, қолданыстағы нысанның жанынан басқасын тұрғызатын боламыз.
Нысан құрылысы нақты қашан басталатыны белгісіз. Айта кетейік дәл осындай көпір Петропавл қаласында бар. Олда қазір апатты жағдайда.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.