«Яндекс» сервистерінің жұмысы біртіндеп қалпына келе бастады

Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews

«Яндекс» сервистерінің жұмысы біртіндеп қалпына келе бастады. Компанияның мәліметінше, қызметтердің көбі қайта іске қосылғанымен, кейбір функциялар әлі де қате жұмыс істеуі мүмкін. Еске салайық, демалыс күндері сервисте ақау болып, қазақстандықтар такси шақыру мен жеткізу қызметін дұрыс пайдалана алмады.
Такси шақыра алмай әбігерге түскен жолаушылар, тапсырыссыз қалған жүргізушілер. Демалыс күндері «Яндекс» сервистерінің істен шығуы қазақстандықтардың біразын әбігерге салды. Біреулер көлікке тапсырыс бере алмай қалса, енді басқалар күнделікті табысынан қағылды. Солардың бірі – Серік Исматов. Бес жылдан бері такси қызметінде жұмыс істейді. Бірақ мұндай қиындыққа бірінші рет тап болғанын айтады. Сервистің қосымшасына таңертеннен бері кіре алмай, жұмысы тұралап қалған.
Қазір «Яндекс» сервистерінің жұмысына мыңдаған адамның табысы тәуелді. Компания платформасы арқылы 800 мыңға жуық такси жүргізушісі мен курьер жұмыс істейді. Сондықтан қосымшадағы ақау жолаушыларға ғана емес, күнделікті нәпақасын осы қызметтен тауып жүрген адамдарға да қолайсыздық тудыруда. Мәселенің мән-жайын білу үшн жауапты компания өкілдеріне хабарластық. Олар кейбір сервистердің жұмысында ақау барын растады.

Yandex Qazaqstan баспасөз қызметі:
«Яндекс» сервистерінің жұмысы біртіндеп қалпына келіп жатыр. Қызметтердің көбі қайта іске қосылғанымен, кейбір функциялар әлі де дұрыс істемеуі мүмкін. Әсіресе төлем жасау мен қолданушыларға қолдау көрсету жүйелеріндегі ақауларды жоюға басымдық беріліп отыр. Компания қолайсыздық үшін кешірім сұрап, сервистердің жұмысын толық қалпына келтіруге күш салып жатқанын мәлімдеді».

Ал сервистердің неге істен шыққанына қатысты Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі түсініктеме берді. Мәліметтерінше, Ресейдегі «Яндекс» дата-орталықтарына жасалған шабуыл Қазақстандағы қызметтерге де әсер еткен. Бірақ қазақстандықтардың жеке деректері сақталған серверлер штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Алайда такси мен жеткізу қызметтерінің жұмысын басқаратын кейбір жүйелер елден тыс жерде орналасқан.

ҚР ЖИЦДМ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:
«Қолданушылар үшін сервистердің үздіксіз жұмыс істеуі аса маңызды. Осыған байланысты Қазақстан аумағында мәліметтерді тарату және цифрлық платформалардың тұрақты жұмыс істеуі – қалтқысыз міндет. Ал бұл – кешенді шешімді қажет ететін шаруа».

Бұл жағдай цифрлық сервистердің жұмысы бір елге ғана тәуелді емес екенін көрсетті. Шетелдегі сервер істен шықса, оның зардабын Қазақстандағы қолданушылар да тартады. Ал күні бойы нәпақасын такси қызметінен табатын жүргізушілер үшін бірнеше сағаттық іркілістің өзі табыстан қағылумен тең. Сондықтан олар Қазақстанның өзіне тиесілі отандық сервистер болғанын қалайды.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал