Түркияда автобус пен эвакуатор соқтығысып, 11 адам қаза тапты

Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews

Әлемнен бірер ақпар. Түркияда туристер мінген автобус апатқа ұшырап, 11 адам қаза тапты. Ал Үндістанда жолаушылар ұшағы борттағы пауэрбанктің өртенуіне байланысты шұғыл қонды. Ормуз бұғазында тыныштық орнамай тұр. Мұнай тиелген танкер минаға тап болып, өртенді.
Түркияның Маниса провинциясында жолаушылар автобусы мен эвакуатор соқтығысты. Салдарынан 11 адам қаза тауып, тағы 27-сі жарақат алды. Апат Гебзе – Орхангази – Измир тасжолында болған. Anadolu агенттігінің хабарлауынша, автобус Бурса қаласынан Измирге қарай, Памуккале бағытына бет алған. Кей дереккөздер эвакуатордың қарсы жолаққа шығып кеткенін хабарлады. Автобуста 34 жолаушы мен үш экипаж мүшесі болған. «Жарақат алғандардың бірінің жағдайы ауыр, 18-інің жағдайы орташа, ал сегіз адамдікі жақсы», — дейді дәрігерлер. Автобус жүргізушісі ауруханадан шыққан соң ұсталды. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып, тергеу жүргізіліп жатыр.
Үндістанда жолаушылар ұшағы, бортта пауэрбанктің өртенуіне байланысты шұғыл қонуға мәжбүр болды. Оқиға Дели қаласынан, Ченнайға бағыт алған IndiGo әуе компаниясының ұшағында болған. Әлеуметтік желіде тараған кадрлардан жолаушылардың жалынды сөмке, киімдерімен сөндіруге тырысқанын көруге болады. Ал бортта жалпы 191 адам болған. Ақпаратқа сәйкес, бортсеріктер жағдайды бақылауға алып, өртті ауыздықтаған. Кейін қажетті шаралардан соң рейс Ченнайға қарай сапарын жалғастырды.

Ормуз бұғазында бортында 750 мың баррель мұнай бар танкер минаға тап болып, өрт шықты. Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусының мәлімдеуінше, бұл – сенбіден бері теңіз минасына соғылған үшінші танкер. Олардың айтуынша, кеме ескертулерге қарамастан, бұғаздан рұқсат етілмеген бағытпен өтуге тырысқан. Әзірге экипаж арасында қаза тапқандар мен зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ. Мұнайдың теңізге төгілген-төгілмегендігі де нақтыланбай отыр.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал