Бельгия корольдік жұбы алғаш рет Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді

Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Бельгиялықтар королі Филипп пен Матильда Патшайым елімізге мемлекеттік сапармен келді. Бұл – Бельгия корольдік жұбының Орталық Азияға жасаған алғашқы мемлекеттік сапары. Жоғары мәртебелі қонақтарды Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі қарсы алды. Корольдік жұпты салтанатты түрде қарсы алу рәсімінде құрмет қарауылы сап түзеді. Ал Король Филипп пен Матильда Патшайым отырған ұшақ мемлекеттік шекарадан өткен кезде оны Қазақстанның әскери-әуе күштерінің жойғыш ұшақтары алып жүрді.
Ақордада елімізге мемлекеттік сапармен келген Бельгиялықтар Королі Филипп пен Патшайым Матильданы ресми қарсы алу рәсімі өтті. Мәртебелі меймандардың құрметіне Әскери әуе күштерінің тікұшақтары Қазақстан мен Бельгияның Мемлекеттік Туларын желбіретіп, Ақорда алдынан ұшып өтті. Салтанатты рәсім барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Король Филипп бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылы ротасының бастығы рапорт берген соң, Президенттік оркестр екі елдің әнұрандарын орындады.

Қазақстан Президенті Бельгиялықтар Королі және Патшайымымен шағын құрамда келіссөз жүргізді. Келіссөз барысында Президент Бельгиялықтар Королі мен Патшайымының Қазақстанға жасаған алғашқы мемлекеттік сапары екіжақты серіктестіктің жаңа кезеңіне жол ашатын тарихи уақиға екенін атап өтті. Бельгияны Қазақстанның Еуропадағы уақыт сынынан өткен сенімді серіктесі деп санайтынын жеткізді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Келесі жылы елдеріміздің арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 35 жыл толады. Осы жылдарда шынайы достық пен өзара құрметке негізделген тығыз қарым-қатынасты жолға қойдық. Үздіксіз саяси диалог ынтымақтастығымыздың берік тұғыры іспеттес. Біз жетістіктеріңізді ұдайы қарап отырамыз. Бұл шын мәнінде таңғалдырады. Сіздерден үлгі алып, тәжірибелеріңізді үйренуіміз қажет. Бельгияға бес жыл бұрын жасаған сапар барысындағы мазмұнды келіссөздерді ықыласпен еске аламын. Биыл маусым айында Бельгияға барған сапарымда Премьер-министр Барт де Вевермен келіссөз жүргізіп, серіктестікті нығайтуға қос тарап та бейіл екенін растадық.

Мемлекет басшысы жоғары мәртебелі меймандардың қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Президент Қазақстан мен Бельгия арасында көлік-логистика, аса маңызды минералдар, жаңартылатын қуат көздері, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және жасанды интеллект салалары бойынша өзара ықпалдастықты кеңейтуге мол мүмкіндік бар екеніне назар аударды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Сізбен бірге келген мемлекеттік органдардың, өңірлік билік пен іскер топтардың өкілдеріне, танымал ғалымдар мен журналистерге ілтипат білдіремін. Ертең Қазақстан – Бельгия іскерлік кеңесінің төртінші отырысын өткіземіз. Бұл бастаманың мүмкіндіктерімізді іске асырып, орнықты нәтижеге қол жеткізетін тиімді алаңға айналғаны қуантады. Сондай-ақ Бельгиямен Еуропалық одақ және басқа да көпжақты құрылымдар аясындағы ықпалдастығымызды жоғары бағалаймыз. Жаһанда тұрақсыздық белең алған кезеңде сенім, құрмет пен өзара түсіністік қағидаттарын арқау еткен іскерлік байланыстардың маңызы арта түседі. Қарым-қатынасымыздың зор әлеуетіне сенемін. Сапар аясындағы уағдаластықтарды толық іске асыруға барынша күш саламын.

Айта кетейік, Бельгиялықтар Королі Филипп және Патшайым Матильданың Қазақстанға мемлекеттік сапары үш күнге жалғасады. Сапар бағдарламасы төрт негізгі бағытты қамтиды. Олар – аса маңызды пайдалы қазбалар, жасанды интеллект, денсаулық сақтау, сондай-ақ тарих пен мәдениет.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал