Хабар-ошарсыз кеткендерді іздеуге еріктілер қалай көмектеседі?

Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews

Қазақстанда өткен жылы хабар-ошарсыз кеткен 20 мыңнан астам адам аман-есен табылды. Оның алты мыңы – бала. Бұл цифрлардың артында жақындарын зарыға күткен мыңдаған отбасы тұр. Көбіне іздеу жұмыстарына кез келген ауа райында аттанатын еріктілер көмектеседі.
ВИОЛЕТТА МОТОВА, ЕРІКТІ:
— «Рациядан: «Таптық!» — дегенде, ішіңнен тына қалып: «Тірі ме?» — деп сұрайсың. Сол сәттегі тыныштықты айтып жеткізу мүмкін емес, өйткені оның өмірі осы жауапқа байланысты. Содан: «Иә, тірі, жедел жәрдем шақырыңдар!» — дегенде ерекше сезімде боласың. Туыстарына хабарласқанымызда, қуаныштан жылаған дауыстары естілді.
Бұл оқиға Астана іргесінде болған. Жігітімен ренжісіп, далаға шығып кеткен бойжеткен адасып, байланыссыз қалған. Жүзге жуық ерікті әрбір дыбысқа құлақ түріп, аймақты тінтіп шықты. Кенет батпақ жақтан әлсіз дауыс естіледі. Бұл жоғалып кеткен бойжеткен еді. Оны тек батпаққа жүретін арнайы техникамен ғана алып шығу мүмкін болды.

ВИОЛЕТТА МОТОВА, ЕРІКТІ:
— Біз оны тапқанда жағдайы өте нашар еді. Ол жылап тұрып: «Бұл жерден шыға алмаймын деп ойладым, жақындарыммен қоштасып, дұға еттім», — деді. Өйткені екі күн бойы суықта, жеңіл киіммен қалған.

Ерікті Тамирлан Есенғартов та тәжірибесіндегі мұндай жағдайлар аз емес екенін айтады. Оған қала ішінде адасып кеткен деменциясы бар қарт әйелді іздеу оқиғасы ерекше әсер қалдырған.

ТАМИРЛАН ЕСЕНҒАРТОВ, ЕРІКТІ:
— Деменциясы бар қарт кісіні қаладан үш күн іздеп, түнде өндірістік базалар жақтан таптым. Аурудың салдарынан өзін бала құсап ұстады. Үйіне әкелгенде ұлы құшақтап: «Бауырым, рақмет, мен оны тірі емес деп ойладым» дегенде, көңілдегі сезімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес еді.

Іздеушілерде жұмыс кестесі жоқ. Түнде, аязда немесе ауа райы бұзылғанда олар өз автокөлігімен, өз қаражатына іздеуге шығады. Мамандар ескертеді: адам жоғалған кезде, үш күн күтпей, полицияға дереу хабарласу керек. Ішкі Істер Министрлігі мәліметі бойынша, тек өткен жылы еріктілер бұл жұмысқа араласып, 1500-ден астам хабар-ошарсыз кеткен адам аман-есен табылды.

ҚАНАТ НҰРМАҒАМБЕТОВ, ҚР ІІМ КПД БАСТЫҒЫ:
— Бұл бағытта бізге еріктілер үлкен көмек көрсетіп жатыр. Бүгінгі таңда Қазақстанда біз тығыз байланыста жұмыс істейтін 40-тан астам еріктілер ұйымы бар. Біздің бірлескен жұмысымыздың нәтижесінде хабар-ошарсыз кеткен 1500-ден астам адамның жүрген жері анықталды.

Тәулігіне түсетін хабарламалар орта есеппен сексен пайызға дейін сол күні-ақ шешіледі. Алайда іздеу жұмыстары әлі де жалғасып жатқан кездер аз емес. Еріктілер бұл істі жақсы біледі: ұзақ күткен жандар қауышу сәтіне жету үшін кейде бір ғана хабарлама немесе әзер естілетін дыбыс та жеткілікті.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал