Қазақстанның Жалпы ішкі өнімінің өсімі 4,2% болды

Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews

Биылғы тоғыз айда Қазақстанның Жалпы ішкі өнімінің өсімі 4,2% болды. Жеке инвестиция 18,2%-ға өсіп, жылдық инфляция 9,3%-ға дейін баяулады. Бірер сағат бұрын Үкімет отырысы өтті. Жиында жыл басынан бергі еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен республикалық бюджеттің атқарылу барысы қаралды.
ИНАРА БАРСАҚБАЕВА, ТІЛШІ:
— Бүгін министрлер кабинетінде ел экономикасының 9 айдағы қорытындысы шығарылды. Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің айтуынша, биыл мұнай аз өндірілді. Алайда бұл төмендеуді жалпы өсім өтеді. Биыл қаңтар-қыркүйек аралығында Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 4,2% өскен. Әсіресе құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, көлік және сауда салалары қарқын алған. Осы 4 бағыттың жалпы экономикалық өсімге қосқан үлесі 75%-дан асады. Ал мұнайға тәуелділік біртіндеп азайып келеді. Жауапты ведомство өкілінің мәліметінше, өткен жылдың қорытындысында мұнай өндірудің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 7,8 пайызға дейін төмендеген. Биылғы бірінші жартыжылдықта өңдеу өнеркәсібінің үлесі 14 пайызға жетсе, тау-кен өндірісінікі 12,4 пайыз болған. «Яғни мұнай өндірісі баяулаған күннің өзінде, экономиканы басқа салалар есебінен өсіру үрдісі байқалады», — деді Экономика министрі Серік Жұманғарин. Үкімет сағатынан кейін баяндамашылар баспасөз мәжілісіне қатысты.
СЕРІК ЖҰМАНҒАРИН, ПРЕМЬЕР-МИНИСТРДІҢ ОРЫНБАСАРЫ, ҰЭ МИНИСТРІ:
— Азық-түлік бағасы өсу қарқынын бәсеңдету үшін жұмыс істеп жатырмыз. Қазанда баға 0,9% төмендеді. Ал жалақы ауыл шаруашылығы секторында 18%, құрылыста 14%, өнеркәсіпте 11% өскен. Көлік пен қойма саласында да еңбекақы өскен.

ИНАРА БАРСАҚБАЕВА, ТІЛШІ:
— Қуантарлығы, Қазақстанда бизнес ашқандардың саны да артып отыр. Қазір елде 3 миллион 200 мың адам кәсіппен айналысады. Тоғыз айда 277 мың жаңа бизнес тіркелген. Алайда осы кезеңде жүздеген мың жеке кәсіпкер есептен шығарылған. Үкіметтің түсіндіруінше, олардың бір бөлігі табыс таппаған, енді бірі жұмысын тоқтатпай, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қатарына өткен. Яғни бизнес саны өсіп жатқанымен, кәсіпкерлердің қаншасы тұрақты табыс тауып отырғаны – бөлек мәселе. Ал енді отандық өнімге қатысты жаңа талап бар. 20 қазаннан бастап сауда желілері тауар санаттары бойынша қазақстандық өнімнің міндетті үлесін қамтамасыз етуі керек. Яғни дүкен сөрелерінде жергілікті тауарға көбірек орын беріледі. Тоғыз айда еліміздегі сауда көлемі 61 триллион теңгеге жеткен. Үкімет басшысы Олжас Бектенов қазақстандық өнімді тек ішкі нарықта емес, шетелде де көбірек сатуды тапсырды.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал