Жағдайы бар отбасылар мемлекетке арқа сүйемеуі керек

Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews

Енді жағдайы бар, өз бетімен күн көре алатын отбасылар мемлекетке арқа сүйемеуі керек. Келер жылдан бастап Қазақстанда әлеуметтік қолдау көрсету тәртібі өзгереді. Мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік көмек нақты кімдерге бұйырады? Оны Премьер-министр Олжас Бектенов депутаттарға тәптіштеп түсіндіріп берді. Құрылтайда елдің үш жылдық бюджеті қаралып, қаржылық құжат бірінші оқылымда мақұлданды.
Мемлекеттік шығыстарды оңтайландыру жұмыстары жалғасып келеді. Мәселен, бюджетке түзетулер енгізу арқылы 2026 жылға жоспарланған шығыстарды 360 млрд теңгеге қысқартып, босаған қаражатты басымдығы жоғары басқа мақсаттарға қайта бағыттадық. Алдағы кезеңге арналған бюджетті әзірлеу барысында жалпы сомасы 36,9 трлн теңге болатын қаржыландыруға өтінімдер түскенімен, 2027 жылға бекітілген шығыс көлемі 30,2 трлн теңге болды. «Бұл ретте бюджетті қарау кезінде шығыс бөлігін 6,7 трлн теңгеге қысқарттық», — деген Олжас Бектенов Құрылтайда мемлекеттік шығыстарды қысқартудың тағы бір бағыты ретінде әлеуметтік қолдау жүйесін реформалауды атады.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
— Көпбалалы отбасының жағдайы жақсы ма әлде тұрмысы төмен бе, мемлекеттен бірдей қолдау алады. Біздің ойымызша, бұл – әділетсіз. Өзін-өзі қамтамасыз етуге мүмкіндігі бар ауқатты азаматтар мемлекет көмегіне мұқтаж болмауы керек. Олар өз күшіне сүйеніп, күн көруі тиіс. Бұл тәсіл бюджет қаражатын едәуір үнемдеп, оны маңыздырақ мақсаттарға бағыттауға мүмкіндік береді. Мәселен, 2027 жылдың өзінде 700 миллиард теңге үнемделсе, алдағы үш жылда бұл сома 2,5 триллион теңгеге жуықтайды.

Елімізде шамамен 522 мың адам ауқаттылар қатарында. Оның 70 мыңнан астамы «А» санатына, қалғаны «В» санатына жатады. «Қазір осы санаттарға талдау жүргізіліп жатыр», — деді Құрылтайда Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин. Заң жобасын қарау барысында депутаттар ерекше назар аударуды қажет ететін бірқатар мәселені көтерді. Олардың қатарында макроэкономикалық болжамдардың дәлдігін арттыру және бюджеттің меншікті кірістерінің тұрақты өсуін қамтамасыз ету бар. Сондай-ақ бизнес жобаларға қарастырылған әр тиынды ретімен жұмсау қадағаланбақ.

СЕРІК ЖҰМАНҒАРИН, ПРЕМЬЕР-МИНИСТРДІҢ ОРЫНБАСАРЫ, ҰЭ МИНИСТРІ:
— Расында, 2023-2025 жылдары 166 млрд теңге бөлінді, 22 мыңға жуық жоба қаржыландырылды. Қаражатты қажеттілігі бар адамдарға беру керек.

Құрылтай отырысында үшжылдық бюджет туралы Заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Келесі жылы экономиканың нақты секторын дамытуға 3,7 трлн теңге қарастырылған. Бұл қаражаттың басым бөлігі көлік инфрақұрылымына, ауыл шаруашылығына, өнеркәсіпке, кәсіпкерлікке және цифрлық дамуға бағытталады. Автомобиль жолдары мен өткізу пункттерінің құрылысы, жоғары жылдамдықты интернетке қолжетімділікті дамыту, ғарыш саласындағы жаңа жобаларды іске асыру және агроөнеркәсіп кешені жобаларын қолдау жалғасады.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал