РФММ оқушылары астан уланды: асханадан қандай заңбұзушылықтар анықталды?

Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews

Алматыдағы ең беделді саналатын республикалық физика-математика мектебінің оқушылары жаппай астан уланды. Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау қызметі білім ошағын тексеріп жатыр. Ал полиция қылмыстық іс қозғады. Бұл жағдайға не себеп?
Ата-аналардың сары уайымға салынғанына бірнеше күн болды. Себебі балалардың бірі ауруханаға өте ауыр хәлде түскен. Жансақтау бөлімінде жатқан оқушының беті қазір бері қарады.

АЙНҰР НАУРЫЗАЛИЕВА, АТА-АНА:
— Жағдайы тұрақталды. Өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Мектепке ешқандай шағымым жоқ. Себебі басшылық тиісті шара қабылдайды деген сенімдемін.

12-14 қазан аралығында Республикалық физика-математика мектебінің 48 оқушысы жедел ішек инфекциясының белгілерімен жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылған. Тағы алты бала интернатта оқшауланды.

ЛЕЙЛА ИМАНҒАЛИЕВА, ҚДБ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Барлығына қажет медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Олар үшін тиісті жағдай жасалған. Науқастар медицина мамандарының жіті бақылауында. Бүгінгі күні жағдайлары тұрақты.

Санитарлық бақылау кезінде бірқатар былықтың беті ашылды. Денсаулық сақтау министрлігі өкілдерінің мәліметінше, оқушыларды тамақтандырумен айналысатын «Master Food» серіктестігінің асханасы тексерілді. Азық-түлікті сақтау талаптары бұзылған. Дайын тағамнан тәуліктік сынама алу және тамақтандыруды ұйымдастыру кезінде де кемшіліктер бар. Бұдан бөлек, тиісті құжаттары жоқ сүт өнімдері де табылды. Директордың сөзінше, аталған мердігер білім ошағында төрт жылдан астам уақыт жұмыс істеген.

МЕЙІРЛАН МЕЙІРБЕК, «РФММ» ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
— Дүйсенбі күні таңертең медицина мамандары, мектеп қызметкерлерімен интернат тәрбиешілері балалардың жағдайын бақылай бастады. Түскі сағат 12-лер шамасында жедел жәрдем шақырттық. Себебі кейбірінің қызуы көтеріліп, көмек қажет болды. Қазір нақты не болғанын айта алмаймын. Бұл энтеровирус па әлде басқа инфекция ма, немесе тамақтан улану ма – оны сараптама көрсетеді. Қазір асханадан алынған сынамалар мен интернаттағы суға сараптама жасалып жатыр.

Білім ошағындағылардың сөзінше, ауру белгілері демалыс күндері мектеп асханасынан тамақтанбаған балалардан да байқалған. Сондықтан жаппай улануға асхана тағамы себеп болды деуге әзір ерте. Санитарлық тексеріс қорытындысы бойынша бес қаулы шығарылып, шектеу шаралары енгізілді. Асхана мен интернаттың жұмысы уақытша тоқтатылды. Ғимараттарда дезинфекция жүргізілді. Ал 16 қазаға дейін оқу онлайн форматқа ауыстырылды. Интернат тәрбиеленушілері үйлеріне жіберіліп жатыр. Қазір тексеру материалдары полицияға жолданып, қылмыстық іс қозғалды. Балалардың жаппай сырқаттануына нақты не себеп болғанын құзырлы орган анықтайды.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал