Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews
Пәтерін жалға берген үй иесі ақырында өз баспанасын босата алмай жүрсе, кімге шағымдануы керек? Айлап ақы төлемей, үйден шығудан бас тартатын жалдаушылар бар. Ал оларды күштеп шығарып жіберуге заң рұқсат етпейді. Сотқа жүгінген күннің өзінде іс бірнеше айға созылуы мүмкін. Сонда пәтер иесі, не істеуі керек? Заңгерлер қандай кеңес береді?
ГҮЛВИРА СЕЙТЕН, ТІЛШІ:
— Айгүл есімді Алматы тұрғыны пәтерін жалға беріп, ақшасын уақытылы алып отырудың орнына, жалдаушымен соттасып жүр. Өзі әлеуметтік желіде жазғандай, жазда балалы әйелге Астанадағы пәтерін жалға берген. Енді бірнеше айдан бері не пәтер ақысын ала алмай, не жалға алушыны үйінен қуып шығара алмай отыр.
Іле-шала Астана қалалық соты бұл дауға қатысты түсінік берді. «Жалдамалы пәтерде бала тұратындықтан, істі мамандандырылған ауданаралық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі сот қарауы керек», — деп жазылған соттың баспасөз қызметі таратқан ақпаратта. Айгүл енді ювеналды сотқа жүгінуге мәжбүр. Бұл оқиға пәтерін жалға беріп отырған жұртты алаңдатып қойды. Әсіресе баспанасын өзі тұрмайтын басқа қалада жалға беретіндердің уайымы басым. Өйткені жалға алушымен арада мәселе туындаса, оны шешу оңай емес.
КАМИЛА ЕМАНҒАЛИЕВА, ПӘТЕРІН ЖАЛҒА БЕРУШІ:
— Шынымды айтсам, жаңа заңдағы өзгерістер мені де алаңдатады. Себебі менің Алматы қаласында пәтерім бар, ал өзім Астана қаласында тұрамын. Менің ойымша, заң екі тараптың да құқығын тең қорғауы керек. Әрине, жалға алушылардың да өз құқығы бөлек. Алайда пәтер берушілердің де өз мүлкін қорғауға мүмкіндігі болуы керек. Өзің бір қалада, пәтерің басқа қалада болудың онсыз да қиындықтары көп, адамдардан не күтеріңді білмейсің.
Бұрынғы Мәжіліс депутаты, заңгер Абзал Құспан: «Жалға алушыны үйден тек сот шешімімен шығару заңы бұрыннан бар», — дейді. Биыл Конституцияға кіргізілген. «Егер пәтер иесінің жалға алушымен жазбаша келісімшарты болса, онда пәтер ақысының көлемі, төлейтін уақыты, кепілдік қор сомасы, айыппұл, басқа да шарттары нақты көрсетілсе, сотта жеңіп шығуға мүмкіндік бар», — дейді заңгер.
Бірақ сотқа арыз берген соң, ертеңіне пәтер босап қалады деуге болмайды. Адвокат Төлеген Шайықовтың айтуынша, мұндай істер кейде бірнеше айға созылады. Ал осы уақыт ішінде жалдаушы пәтерде тұра береді. Төленбеген ақшаның қарызы да көбейе түседі. Ендеше, пәтер иесіне қайтпек керек?
ТӨЛЕГЕН ШАЙЫҚОВ, АДВОКАТ:
— Мынадай тәжірибе бар. Мысалы, пәтерді түгел емес, жартысын ғана жалға беруге болады. Келісімшартта пәтердің қай бөлігі жалға берілетінін нақты көрсетесің. Тіпті жалға алушының қай жерде ұйықтайтынына дейін жазуға болады. Ал енді пәтер иесі жалға алушыны шығармай, керісінше, өзі сол үйге көшіп келіп, онымен бірге тұрып, әдейі тыныштық бермесе ше? Заттарына тиісе ме, музыкасын қатты қоя ма — әйтеуір, тұруға мүмкіндік бермей, әбден мезі қылады. Әйтпесе, соттасып жылдар бойы жүруге тура келеді. Меніңше, заң аясында бұдан басқа жол табу қиын.
«Бастысы, пәтерді жалға берерде келісімшартқа жеңіл-желпі қарамаған жөн», — дейді заңгерлер. Онда төлем мөлшері, жалдау мерзімі және бірге тұратын адамдардың кім екені көрсетілгені дұрыс. Өйткені кейін дау туса, ауызша келісімнен гөрі, қолдағы құжаттың көмегі көп.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.