Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews
Каспий тартылып бара жатыр. Соның салдарынан теңіздің Қазақстандағы акваториясында жаңа аралдар пайда болған. Өзекті мәселе халықаралық деңгейде де көтерілді. Түрікменстанның Аваза қаласында өткен Каспий экологиялық саммитінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев теңіз деңгейінің төмендеуі қоршаған ортаға ғана емес, жағалау елдерінің экономикасына да елеулі қауіп төндіретінін атап өтті.
Каспий теңізінің тартылуы кеше ғана байқалған құбылыс емес. Зерттеу деректеріне сүйенсек, 1996-2021 жылдар аралығында теңіз суы шамамен 1,5 метрге азайған. Мамандар су деңгейі тағы 8-14 метрге дейін түсуі мүмкін екенін айтады. Теңіз ортасындағы жаңа аралдар ғалымдарды алаңдатып отыр. Жаңа құрлық Құлалы аралы маңындағы аумақты әуеден түсіру кезінде анықталған. «Су орнына қайтып келмесе, арал саны арта береді», — дейді зерттеушілер.
КИРИЛЛ ОСИН, ТӘУЕЛСІЗ ЭКОЛОГ:
— Каспий теңізінің тартылуы және жаңа аралдардың пайда болуы – су деңгейінің төмендеуінен туындаған көзге анық байқалатын өзгерістердің бірі. Бұрын су астында жатқан теңіз табанының жекелеген бөліктері біртіндеп құрлыққа айналып, су бетіне шығып жатыр. Мұндай құбылыс әсіресе Каспийдің таяз солтүстік бөлігінде айқын байқалады. Каспийдегі экологиялық өзгерістердің алдын алу үшін жағалаудағы мемлекеттердің бірлескен іс-қимылы, ғылыми мониторингті күшейту, өзен суларын ұтымды әрі ұқыпты пайдалану және өзен атырауларын сақтау қажет. Қазақстан үшін де бұл мәселенің маңызы зор.
Балжан Елбасиеваның болжамынша, 2050 жылға қарай теңіз деңгейі минус 32-34 метрге дейін төмендеуі мүмкін.
БАЛЖАН ЕЛБАСИЕВА, «ҚАЗАҚ КАСПИЙ» ҒЗИ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
— Бұдан бөлек, біздің ғалымдардан да бөлек дүниежүзілік ғалымдар шетелдік ғалымдардың зерттеулеріне сәйкес, теңіз деңгейі орта есеппен ең оптимисті болжамдар бойынша әлі 2-4 метрге шегінеді. Писсимистік болжам бойынша теңіз деңгейінің 20 метрге дейін төмендеуі байқалуы мүмкін.
Каспийдің болашағына қатысты болжамдар әртүрлі болғанымен, сарапшылар теңізді сақтап қалу үшін ортақ әрекет қажет екенін айтады. Су деңгейінің өзгеруіне бейімделу, су ресурстарын тиімді басқару, биоалуантүрлілікті қорғау және жағалау инфрақұрылымын жаңа жағдайға бейімдеу – алдағы кезеңдегі негізгі міндеттердің бірі. Бұл бағытта Каспий маңы мемлекеттерінің өзара ынтымақтастығы ерекше маңызға ие.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.