Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews
Қамқорлықтың орнына қорлық. Астанадағы ерекше балаларға арналған түзету балабақшасында сұмдық жағдай болды. Тәрбиешінің көмекшісі бүлдіршіндерді орындыққа байлап қойып, аяусыз ұрған. Жантүршігерлік көрініс видеоға түсіп қалған. Біра, ата-аналар бұл сұмдықты бір жылдан кейін ғана білген. Полиция қылмыстық іс қозғап, мән-жайды анықтап жатыр.
Жантүршігерлік бейнекадрлар жұрттың жағасын ұстатты. Орындыққа байлаулы бейкүнә балалар шырылдап жылап отыр. Ал тәрбиешінің көмекшісі қолындағы аяқ киіммен оларды аямай сабап жатыр. Кішкентайлардың жан дауысы шығып жылағанымен, оларға көмкке келетін ешкім жоқ.
Ең сорақысы, бұл бейнежазба кеше не бүгін емес, бір жыл бұрын түсірілген. Оқиға Астанадағы жекеменшік түзеу балабақшасында болған. Таяқ жеген балалардың арасында Әсем Қасқабаеваның да ұлы бар. Анасы 4 жасар Сұлтанның соңғы уақытта тым үркек болып кеткеніне алаңдаған. Құлағын басып, бүрісіп отыратын әдетін де байқаған. Оның себебін енді түсінгендей.
ӘСЕМ ҚАСҚАБАЕВА, БАЛАНЫҢ АНАСЫ:
— Тәрбиешіге талай рет айттым. Балам неге құлағын басып, отыра қалады? Бұрын мұндай әдеті жоқ еді. Мен оны осы балабақшада кешенді көмек алсын, қоғамға бейімделсін деп бердім. Бірақ бір жыл бойы ешқандай нәтиже болмады. Керісінше жағдайы нашарлады. Баламның оңалуына жұмсалуы керек бір жылымызды бекерге жоғалтып алдық. Мұндай балаларға ерекше күтім мен білікті мамандардың көмегі қажет. Ал мұнда балаларды қашып кетпесін деп байлап, ұрған.
Таңшолпан Бақытқалиқызы да бес жасар ұлының соққыға жығылғанын Тредс желісінен көрген. Баласы тезірек оңалсын деп осы мекемеге апарып жүрген. 200 мыңның сыртында ақшасын да төлеп отырған. Алайда ата-ана ақылы қызметтің артында қандай сұмдық жасырылғанын білмеген. Айтуынша, балабақша әкімшілігі бұл жағдайдан хабардар болған. Бірақ, қол жұмсаған қызметкерлерге қатысты ешбір шара қолданбаған.
ТАҢШОЛПАН БАҚЫТҚАЛИҚЫЗЫ, БАЛАНЫҢ АНАСЫ:
— Балалардың сөйлей алмайтынын, ата-аналарына бұл жайтты жеткізбейтінін біліп, ұрып-соққан. Балам балабақшаны көрсе жылайды, артқа қарай қашады. Бетін қорғаштайды. Видеода аяқ киіммен бетінен, басынан ұрып жатыр. Біз қанша рет келіп, камераны көрейік деген кезде, камера жұмыс істемейді деп айтатын.
Бір қызығы, әлеуметтік желідегі жарнамасында бұл мекеме ерекше балаларға ерекше көзқарас танытатынын жазған. Алайда әдемі сөз бен шындықтың арасы жер мен көктей болып шықты. Полиция бұл іс бойынша тергеуді бастады.
АСТАНА ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:
«Полиция қызметкерлері түзету бағытындағы балабақшада тәрбиешінің көмекшісі болып жұмыс істеген әйелдің жеке басын анықтады. Ол полиция басқармасына жеткізілді. Қазіргі уақытта зардап шеккен балалардың ата-аналары анықталды. Оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты әрі объективті анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізілуде».
Біз де балабақша әкімшілігіне хабарласып, мән-жәйді білуге тырыстық. Бірақ телефон тұтқасын ешкім көтермеді. Мекеменің өзіне де бардық. Алайда есік жабық. Бірнеше рет қаққанымызбен, бізге ешкім шықпады.
Білім басқармасы да бұл мекеменің жекеменшік екенін айтып, жауаптан құтылды. Ал ата-аналар кінәлілердің барлығы тиісті жазасын алуды талап етеді. Олардың сөзінше, балаларды сабаған қызметкер ғана емес, бұл жағдайды біліп тұрып хабарламаған, тиісті шара қолданбаған әкімшіліктің әрекеті де тексерілуі керек. Айта кетейік, балабақшадағы зорлық-зомбылықтың әшкере болғанына қарамастан, мекеме әлі жұмысын жалғастырып жатыр.
ИНАРА БАРСАҚБАЕВА, ТІЛШІ:
— Ерекше балаларға қамқорлық көрсетіп, қоғамға бейімдеуі тиіс балабақша ата-аналардың үрейін тудырды. Ал ең сорақысы, бұл сұмдық жағдай бір жыл бойы жасырын қалған. Енді олар бір ғана сұраққа жауап іздеп отыр. Телефон камерасына түсірілген бұл көрініс зорлық-зомбылықтың жалғыз дерегі ме әлде балабақшада бұған дейін де балалар қорлық көрді ме? Енді осы сауалдарға тергеу жауап беруі керек.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.