Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews
Қостанайдағы облыстық балалар тіс емханасы жекенің қолына берілмек. Енді жыл сайын емделетін 15 мың бала қайда барады? Әсіресе бұған ерекше қажеттілігі бар балаларын осында емдететін ата-аналар алаңдаулы. Олар қызмет құны өсіп кете ме деп қорқады.
Қостанайда 40 жылдан бері тісі ауырған баланы емдеп келген емхананың бұрын-соңды кредиторлық қарызы болмаған. Тоқырау жылдары тіпті өзі өзі қаржыландырып, бүгінде табыс тауып отыр. Ал тамыз айында ұжымға емхананың жекешелендірілетіні хабарланғанған. Мекеме көп ұзамай жекенің қолына өтуі мүмкін. Өйткені мұндағы мүлікті бағалау басталған. Бұған емхана ұжымы алаңдаулы. Себебі жаңа меншік иесінің қалауымен қысқарту болуы мүмкін. Басты мәселе бұл ғана емес. Мұнда облыстың барлық ауданынан балалар келеді. Ерекше күтім мен арнайы тәсілді қажет ететін бүлдіршіндер де осында емделеді. Кейде жеке клиникалар қараудан бас тартқан балалар да осында емделеді. Мамандар әсіресе, әлеуметтік осал топтағы балалар үшін алаңдайды.
ЛИЛИЯ ЖҰМАБЕКОВА, СТОМАТОЛОГИЯЛЫҚ ЕМХАНАНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ:
— Бұл балалардың ерекшелігі бар. Сондықтан олармен жұмыс істеудің өзіндік тәсілі қажет. Олардың басқа барар жері жоқ, сондықтан бізге келеді. Жеке клиникаларға жүгінген жағдайлар да болды. Өкінішке қарай, ол жерден балаларды бізге қайта жіберген. Біз оларды қабылдаймыз, өйткені басқа қайда барарын білмейді.
Дегенмен денсаулық сақтау басқармасының өкілдері емхананы мемлекет меншігінде сақтап қалудың амалын қарастырып жатқанын хабарлады.
АЛМАЗ ӘБДІЛҒАЗИН, ДСБ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:
— Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің бастамасымен облыстық балалар стоматологиялық емханасын жекешелендіруге жататын нысандар тізімінен алып тастау туралы хат жолданды. Әзірге жауап алған жоқпыз, шешімді күтіп отырмыз. Белгілі болған кезде хабарлаймыз.
Ал тиісті шешім қабылданғанша, емхана бұрынғы режимде жұмысын жалғастыра береді. Мұнда жыл сайын 15 мыңнан астам бала емделеді. «Сондықтан емдеу мекемесі мемлекет меншігінде қалса, кішкентай пациенттерге пайдалырақ болар еді», — дейді мамандар.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.