Түркияда жойқын селден 3 адам көз жұмды, 4 адам жоғалды

Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews

Түркияда толассыз жауған нөсердің соңы жойқын селге ұласты. Апаттан үш адам көз жұмды. Төрт адам іс-түссіз жоғалған. Қазір елдің 48 провинциясында қауіптің «сары» деңгейі жарияланды. Ыстамбұлда көлік қозғалысы тоқтап, әуежайға қона алмаған қырықтан астам ұшақ өзге өңірлерге бұрылды.
Бір күнде шаршы метріне 240 миллиметрге жуық жауын-шашын түскен Ыстамбұл көшелері лезде өзенге айналды. Салдарынан мыңнан астам үйді су басып, 15 жерде сел жүрді. Оқыс оқиғадан Фатих ауданында су ортасында қалған 14 жасар жасөспірімді тоқ соғып, мерт болды. Кептеліс деңгейі 89 пайызға жетіп, қала тіршілігі толықтай тоқтады.

НОДИРА КАИМОВА, ТҰРҒЫН:
— Екі күннен бері қалада жауын-шашын басылар емес. Су бір-ақ сәтте көтерілді. Көшелер ағынды өзенге айналып, көліктер қалқып кетті. Бірқатар үй мен жертөлені су басып, ештеңе істей алмай қалдық.

Қолайсыз ауа райы әуе қатынасына да үлкен соққы болды. Ыстамбұл халықаралық әуежайына бағыт алған 40-тан астам әуе рейсі басқа қалаларға бұрылды. Жағдайдың ушығуына байланысты мегаполисте мектептер жабылып, мемлекеттік қызметкерлердің бір бөлігіне әкімшілік демалыс берілді. Метеорологтар Мрамор, Эгей және Қара теңіз аймақтарында дауылды желдің жылдамдығы секундына 22 метрге дейін жететінін айтады.

ДАВУТ ГҮЛ, ЫСТАМБҰЛ ГУБЕРНАТОРЫ:
— Біздің облыс (қала) бойынша барлық мемлекеттік және жекеменшік білім беру мекемесінде бүгін сабақ тоқтатылған болатын. Оған қоса, мемлекеттік қызметкерлер арасындағы жүкті әйелдерге, мүмкіндігі шектеулі жандарға және осыған ұқсас ерекше себептері бар қызметкерлерімізге де әкімшілік демалыс берілді. Елдің 48 провинциясында «сары» деңгейдегі қауіп сақталып тұр. Жауын-шашын әлі жалғасады. Тұрғындар мен туристерден аса қажеттілік болмаса, үйден шықпауды және сақтық шараларын қатаң сақтауды сұраймыз.

Қазір апат салдарын жою жұмыстары үздіксіз жүріп жатыр. Мамандар су тасқыны мен сел қаупі әлі де жоғары екенін ескертіп, қажет болмайынша тысқа шықпауға кеңес беріп отыр.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал