Науқасқа тегін берілуі керек дәрі дәріханада сатылған

Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews

Науқасқа тегін берілуі керек дәрі дәріханада сатылған. Мемлекет миллиондап қаржы бөліп, халыққа тегін үлестірсін деп алған препараттарды біреулер пайда табу көзіне айналдырған. Цифрлық таңбалау жүйесі көмегімен екі жылдың ішінде 27 мыңнан астам қаптаманың заңсыз сатылғаны анықталып отыр.
Емханадан сұраса, бітіп қалған. Тегін таратылатын дәріні жұрт дәріханадан сатып алып жүр. Қаптамада «тегін» деген мөр тұрса да, препаратты сатып, пайда тапқысы келетіндер азаяр емес. Науқасқа ақысыз берілетін қан қысымын реттейтін, жүрек аурулары мен қант диабеті дәрілері сатылған. Мұндай жайттар елімізде дәрі-дәрмекті таңбалау процесі басталғалы әшкелереніп жатыр.

ӘСЕТ НҮСІПОВ, САУДА ЖӘНЕ ИНТЕГРАЦИЯ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
— 2024 жылдың 1 шілдесінен бері жүйе арқылы дәріханаларда заңсыз сатылған тегін дәрінің 27 мыңнан астам қаптамасы анықталды. 31 ұйымға 12,3 млн теңге айыппұл салынды, 43 дәріханаға бұзушылықты жою туралы нұсқама берілді.

Фармация комитетінің ақпараты бойынша, биылғы жыл басынан бері 64 дәріхананың тегін дәрі сатқаны дәлелденген. Иелері 21 млн теңге айыппұл төледі. Сонымен қатар, 47 емхана тексеріліп, тегін дәріні беру ережесін бұзған 12 қызметкерге қатысты хаттама толтырылды.

Таңбалау кезінде мерзімі өткен дәрілердің де сатылғаны белгілі болды. Сауда вице-министрінің ақпараты бойынша, екі жылда мыңнан астам дәріхана мерзімі өткен 7 мың 500 дәріні жоюдың орнына, сатып, пайда көрген. Биыл қыркүйектен бастап цифрлық таңбалау биологиялық белсенді қоспаларға да енгізілді. Ал 2027 жылдан бастап бұл жүйе медициналық мақсаттағы бұйымдарға да қолданылады.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал