Ұлытау облысына 50-ден аса дәрігер қажет

Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews

Ұлытау облысында дәрігер қат. Соңғы 3 жылда бұл өңірде 160-қа жуық маман жұмыстан кеткен. Медицина қызметкерлерін көбірек тарту үшін қаржылай қолдау көрсетіліп, баспана да ұсынылып жатыр. Бірақ соның өзінде кадр тапшылығы толығымен шешілмей келеді. Кесірінен науқастардың басым бөлігі ем іздеп, Астана мен Алматыға сабылуға мәжбүр.
Қазір Ұлытау облысының медициналық мекемелеріне 50-ден аса дәрігер қажет. Оның 15-і ауылдық жерлерде таптырмай отыр. Әсіресе анестезиолог-реаниматолог, акушер-гинеколог пен неонатолог жетіспейді. Бұдан бөлек, неврологтан бастап онкологқа дейін сұраныс бар. Кадр мәселесін шешу үшін гранттар бөлініп, жас мамандарды тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

ЕРКЕБҰЛАН БЕЙСЕМБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМА БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Республикалық және жергілікті бюджет есебінен кадр әлеуетін нығайту үшін білім гранттары бөлінеді. 2025 жылы Ұлытау облысына 130 мемлекеттік білім гранты берілді. Алайда оның тек 50 пайызы игерілді.

Соңғы екі жылда өңірге жүзге жуық медицина маманы тартылған. Оларға 5 миллионнан 8 миллион теңгеге дейін бір реттік көтерме жәремақы берілді. Ақ халаттылардың басым бөлігі үймен де қамтылған. Дегенмен, дәрігерлерді ұстап қалу оңай болмай тұр. Соңғы үш жылда 160-қа жуық маман қызметтен кеткен. Денсаулық сақтау басқармасы мұның бір себебін басқа қалаға көшумен, екіншісін қызметтік баспананың жоқтығымен байланыстырады.

ВЯЧЕСЛАВ ЛОКШИН, ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫНЫҢ САРАПШЫСЫ:
— Менің ойымша, әр өңірдің денсаулық сақтау саласын дамытуға арналған нақты жоспары болуы керек. Қазір дәрігер даярлау қымбат әрі ұзаққа созылады. Маманның толық дайын болуы үшін шамамен 10 жыл қажет. Сондықтан кадр мәселесін алдын ала жоспарлау маңызды.

Дәрігер азайған сайын, өзге өңірлерге ем іздеп баратын науқастар да көбейіп отыр. Олардың көбі Астана мен Алматыдағы ұлттық медициналық орталықтарға жіберіледі. Ал Ұлытаудағы медициналық колледж студенттерінің басым бөлігі диплом алған соң басқа аймақтарға кетеді. Дегенмен туған жерінде қалып, жергілікті ауруханаларда еңбек етуді мақсат еткен жастар да бар.

ЕРАСЫЛ ТӨЛЕГЕН, ЖЕЗҚАЗҒАН МЕДИЦИНАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНІҢ СТУДЕНТІ:
— Қазір Ұлытау облысында медицина кадрлары жетіспейді. Қарағанды немесе Алматы облысында жоғары оқу орнын бітірген соң, осында қайта оралып, әріптестеріме көмектескім келеді.

Хош. Сарапшылар да дәрігерді өңірдің өзінде даярлап, осында тұрақтап қалуына жағдай жасау қажет екенін алға тартады. Өйткені, мәселені сырттан маман тартумен ғана шешу мүмкін емес. Ұлытау облысында жастарды оқытуға да, қолдауға да қаржы бөлініп жатыр. Ендігісі – диплом алған дәрігерлердің басқа жаққа кетпей, туған өңірінде қалып жұмыс істеуі. Себебі, миллиондап берілетін көтермеақы мен баспана да кадр тапшылығын түбегейлі шеше алмай отыр.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал