Оралдық зергер заманауи технология мен көне дәстүрді ұштастырып отыр

Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews

Жарты ғасырға жуық зергерлік бұйым жасайтын оралдық шебер көне дәстүрді жаңғыртып отыруды көздейді. Өйткені замануи технология қарыштап дамыған тұста, шеберлердің ғасырлап қалыптастырған ескі жолы ұмыт қалуы мүмкін. Дегенмен талай әлемдік деңгейдегі атақты тұлғаларға әшекей-бұйым жасаған шебер озық тәсіл мен көне амалды ұштастыруға тырысады.
Сергей Савельевтің шеберханасында сырт көзге бәрі астан-кестен сияқты көрінеді. Ал шебердің өзі осы ретсіздіктің арасынан керегін еш қателеспей табады. Ол өмір бойы үстелінің осылайша ретсіз шашылып жататынын айтып, ең бастысы нәтиже деп күледі. Айтса айтқандай. Жарты ғасырға жуық уақытта оның қолынан шыққан бұйымдары батыс елдерінің танымал тұлғалары, тіпті ханшайымдар, есімдері әлемге белгілі адамдардың да әшекей қораптарынан орын алған. Мәселен, атақты балет әртісі Марис Лиепаға арнап Кавказ үлгісіндегі қанжар жасаған. Ал Раиса Горбачёва үшін күмістен әшекейлер жиынтығын әзірлеген.

СЕРГЕЙ САВЕЛЬЕВ, ЗЕРГЕР:
— Раиса Максимовна Горбачёваға да жасағанмын. Ол да әшекейлер жиынтығы еді, бірақ таза дәстүрлі орыс стилінде орындалды. Жалпы, бұл – менің стилім. Ресейдің дәстүрлі қолөнерінде қалыптасқан үрдістерді жалғастыруға тырысамын.

Савельевтің сүйікті туындыларының бірі – қалыңдыққа арналған алқа. Үш жүзге жуық гауһар тас кішкентай алтын серіппелерге бекітілген. Соның арқасында әр қозғалыс кезінде тастар құбылып, жарқырай түседі. Бір қызығы, шебер өз бұйымдарын қайталап жасағанды ұнатпайды екен. Бүгінде Савельевке көмек сұрап жас мамандардың көп барады. Мысалы, Мария иконаларды қалпына келтірумен айналысады. Ол Астанадан арнайы тапсырыспен жасалатын күміс қаптаманы әзірлеу үшін шеберге апарды.

МАРИЯ РОММ, ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУШІ:
— Біз Савельевке арнайы келдік. Иконаны күмістен жасауға тапсырыс түсіру үшін. Сондықтан оны өзіміздің ең мықты шеберімізге алып келдік. Одан артық ешкім жасай алмайды.

Он саусағынан өнер тамған шебер заманауи технологиялар жұмысты жеңілдетіп, жылдамдататынын мойындайды. «Алайда металды қолмен өңдеудің көне тәсілдері ұмыт қалса, оларды қайта жаңғырту оңай болмайды», — дейді. Сондықтан бұрынғы өткен зергерлердің қарапайым бұйым жасау тәсілін қаперден шығармауға тырысады.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал