Петропавлда жедел жәрдем қызметкерлері тар әрі тозығы жеткен ғимаратта отыр

Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews

Тоз-тозы шыққан жедел жәрдем станциясы. Петропавлда медицина қызметкерлері осындай жағдайда жұмыс істеуге мәжбүр. Ескі ғимарат санитарлық талаптарға сай келмейді. Әрі көлік қоятын арнайы орын да тапшы. Өңірде айта-айта жауыр болған мәселе қашан шешіледі?
Облыстық жедел жәрдем қызметі мамандары талай жылдан бері осы ғимаратта жұмыс істеуге мәжбүр. Мұнда медицина мамандары үшін еш жағдай жасалмаған. Аядай ғана бөлмелерде бірнеше адам қысылып отырады. Әрі бір жарым ғасырға жуық тарихы бар нысанның тоз-тозы шыққан. Мұндағылардың сөзінше, ғимарат алғашында атқора ретінде тұрғызылған.

ЕКАТЕРИНА СОТНИКОВА, ФЕЛЬДШЕРЛІК БЛОКТЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:
— Мен аға фельдшермен бірге отырамын. Талап бойынша, әрқайсымызда өз кабинетіміз болуға тиіс. Орын жетпеген соң, жағдайымыз осы. Жылда көктемде шатырдан су сорғалайды. Төбені жөндеуге де келмейді. Жалпы, бұл ғимарат бастапқыда жылқыларға арналған қора болған.

Орталықта сондай-ақ медициналық көліктерді қоятын орын тапшы. Гаражға 25 техниканың тек 18-і ғана сыяды. Жүргізушілердің сөзінше, әсіресе қыста қиын. Олар дизельмен жүретіндерін қақаған аязда мүлдем сөндірмейді. Ал бұл артық шығынды қажет етеді.

ЯРОСЛАВ ГОЛОВИН, ЖҮРГІЗУШІ:
— Жаңа көліктердің көлемі үлкен. Ал гараж керісінше тар. Барлығына бірдей орын жетпейді. Амалдық жоқтығынан кейбір техниканы далада қалдырамыз. Ал шақыртуға шыққан кезде фельдшерлер салон неге суық деп шағымданады. Сондықтан дизельмен жүретіндері қыста тәулік бойы жұмыс істеп тұрады.

Петропавлда осы мәселе жыл сайын айтылады. Қалада ешқашан арнайы орталық болмаған. Сондықтан күрмеуді шешу үшін Копай шағын ауданындағы жер үйлер сүріліп, жаңасының құрылысы басталды. Ол үшін 6 млрдттан астам қаржы бағытталып отыр. Ал оның 90 проценті республикалық қызанадан бөлінді. Айта кету керек, станцияның аумағы бір жарым гектарды құрайды.

ГҮЛНӘР ҚАЛИЕВА, ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
— Әкімшілік ғимарат, сондай-ақ медициналық мамандарға арнайы ғимарат болады. Конференц залы, ас ішетін буфет, өздерінің үлкен оқу-жаттығу орталығы болады. Сонымен қатар 20 көлікке шақталған гараж салынады.

Жаңа кешеннің қүрылысы жақында ғана басталды. Сәтін салса, ол келер жылдың қараша айында халық игілігіне тапсырылуы тиіс.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал